Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Абай ауданы 11 қаралымabaidan.kz

Абай ауданында даму қарқыны бәсеңдеген жоқ

Абай ауданында даму қарқыны бәсеңдеген жоқ

Абай ауданында 2026 жылдың сегіз айында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл туралы ӨКҚ өткен баспасөз мәслихатында Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов баяндады. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптен бастап, жол және инфрақұрылым, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, туризм және жұмыспен қамту салаларында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда.

Бүгінде аудан құрамына 9 ауылдық округ пен 2 елді мекен кіреді. Мұнда 13 016 адам тұрады. Ауданның нақтыланған бюджеті 6 млрд 8 млн 492,5 мың теңгені құрайды. Жыл басынан бері аудан экономикасын дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі тірегі

Абай ауданы үшін ауыл шаруашылығы дәстүрлі түрде экономиканың басты салаларының бірі саналады. Ауданның жалпы жер көлемі 2 млн 9 мың 391 гектарды құрайды.

Пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге 3 812,5 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл жылдық жоспардың 76 пайызына тең. 2026 жылға қойылған мақсат – 5 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару.

Жыл басынан бері жалпы көлемі 15 566,3 гектар болатын 12 жер учаскесі конкурс арқылы шаруа қожалықтарына пайдалануға берілді.

Мал шаруашылығының да көрсеткіштері тұрақты. Ауданда 178 495 бас қой-ешкі, 117 916 бас ірі қара, 98 771 бас жылқы және 221 бас түйе бар. Ауыл шаруашылығы саласында 535 шаруа қожалығы, 18 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 8 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс істейді.

Шаруалардың техникалық базасын жаңарту мақсатында биыл лизинг арқылы 18 трактор және 20 қосалқы техника сатып алынды. Оған 282 млн 525 мың теңге қаржы жұмсалды.

Қысқы кезеңге мал азығын дайындау жұмыстары да жалғасуда. Жоспар бойынша 135,8 мың тонна қатаң мал азығын әзірлеу көзделсе, бүгінгі күні оның 98,5 мың тоннасы дайындалды.

Ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасы да өз нәтижесін беруде. Бүгінгі күнге «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 11 өтінім тапсырылып, оның 8 жобасына 162 млн 382,5 мың теңге қаржы берілді. Екі кооператив қаржыландырудың толық сомасын алды, тағы үш жоба қаралу үстінде.

Өнеркәсіпте ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда

Аудан экономикасын әртараптандыруда өнеркәсіп саласының орны ерекше. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында өндіріс орындарында қазіргі бағамен 10 млрд 100 млн теңгенің тауарлық өнімін өндіру болжануда.

Өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 100,5 пайыз болады деп күтілуде. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 9 млрд 700 млн теңгені құрайды, ал нақты көлем индексі 100,1 пайыз деңгейінде болжанып отыр.

Ауданда жаңа инвестициялық жобаларға да басымдық берілген. «Keneitu Ltd» компаниясына Саржал және Медеу ауылдық округтерінен пайдалы қатты қазбаларды барлау мақсатында 3 871,2 гектар жер телімі берілді.

Жобаның жылдық өндірістік қуаты 100 мың тонна катодты мыс өндіруге жетеді деп жоспарлануда. Инвестиция көлемі 329,2 млрд теңгеден асады. Жоба толық іске асқан жағдайда 800 жаңа жұмыс орны ашылады.

Архат ауылдық округінде орналасқан «METALL MINING» ЖШС-нің алтын өндіру фабрикасы жылына 300 мың тонна руда өндіруге қауқарлы. Кәсіпорында бүгінде 216 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сонымен бірге «БАСТ» АҚ өңдеуші кәсіпорны мен «MIRYILDIZ KZ LTG» компаниясының жобалары бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жол және инфрақұрылым жаңғыртылуда

Аудандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 402,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде 70 шақырымы – республикалық, 247,6 шақырымы – облыстық және 85 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар.

Қазіргі таңда «Аягөз – Қарауыл – Семей – Қайнар» облыстық маңызы бар автомобиль жолының 60-84 және 99-126 шақырым аралығындағы учаскелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде жолдың 4 шақырымдық негізі дайын.

Сондай-ақ «Қарауыл – Архат» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 15-20 шақырымын орташа жөндеу жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның сметалық құны 489 млн 5 мың теңгені құрайды. Жөндеу жұмыстарын бастауға аудандық бюджеттен 100 млн теңге бөлінді.

Ауылдарды абаттандыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жобалар да назарда.

Көкбай ауылында спорт модулінің құрылысы басталды. Нысанды ағымдағы жылдың қараша айында аяқтау жоспарланып отыр.

Саржал ауылындағы спорт модулінің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда ангар бөлігінің іргетасы құйылып, әкімшілік ғимараттың қабырғасы қаланып, төбесі жабылған. Жобаны 2025-2027 жылдары аяқтау көзделген.

Таза ауыз су – басты назарда

Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.

Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Медеу ауылындағы су құбыры қайта жаңғыртылып, сәуір айында пайдалануға берілді. Архат ауылындағы ауыз су жүйесі де 1 қыркүйектен бастап халық игілігіне ұсынылды.

Кеңгірбай би және Құндызды ауылдарындағы су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобаларды 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Медеу ауылындағы өрт сөндіру тірек пунктіне жөндеу жүргізіліп, шілде айында пайдалануға берілді. Саржал, Тоқтамыс, Көкбай, Құндызды ауылдық округтері мен Орда елді мекеніндегі өрт сөндіру тірек пункттерінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Оларды қазан айына дейін аяқтау жоспарланған.

Баспана мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл 9 ауылдық округ пен 1 елді мекенде барлығы 20 тұрғын үй, яғни 40 пәтер салынуда. Оның 13-і – 85 шаршы метрлік, 7-еуі – 65 шаршы метрлік үйлер.

Жұмыспен қамту – халық әл-ауқатының маңызды көрсеткіші

Аудан бойынша өкілетті органдарда есепте тұрған жұмыссыздар саны 301 адамды құрайды. Ресми жұмыссыздық деңгейі – 4,8 пайыз.

Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 492 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі күнге оның 427-сі ашылды. Орындалу көрсеткіші – 86,8 пайыз.

Қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, «Күміс жас» жобасы, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, қоныс аудару және қайтарымсыз гранттар беру бағытындағы жұмыстар жылдық жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.

Әлеуметтік қолдау шаралары да жалғасуда. Жыл басынан бері 88 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның 54-і – көпбалалы, 34-і – аз қамтылған отбасылар. Сонымен қатар 65 отбасының 125 баласына кепілдендірілген әлеуметтік пакет төленді.

Білім – болашаққа салынған инвестиция

Ауданның білім беру жүйесінде 11 мектеп және облыстық білім басқармасына қарасты 1 мектеп жұмыс істейді. Сонымен қатар 6 балабақша, оның ішінде 2 жекеменшік балабақша және 7 шағын орталық бар.

2026-2027 оқу жылында 1-сыныпқа 226 оқушы қабылданды. Жалпы 1-11 сыныптарда 2 381 оқушы білім алуда. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда бірінші сыныпқа қабылданған балалар санының 22 оқушыға артқанын көрсетеді.

Биыл мектепті 142 түлек аяқтап, оның 69-ы мемлекеттік грант иегері атанды. Бұған қоса 8 оқушы облыс әкімінің грантына ие болды.

Мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 98 пайызды құрайды. Құндызды ауылында 100 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде.

«Абай колледжінде» жаңа оқу жылында 6 мамандық бойынша 107 студент білім алуда. Оларға 22 оқытушы білім береді.

Денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер бар

Аудан тұрғындарына медициналық көмекті 1 орталық аурухана, 1 кеңес-диагностикалық емхана, 5 дәрігерлік амбулатория, 3 медициналық пункт және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт көрсетеді.

Аудан бойынша 35 жоғары білімді дәрігер және 92 орта буын медицина қызметкері еңбек етеді.

Биыл резидентураны аяқтаған хирург пен ЛОР дәрігері, сондай-ақ шұғыл акушерлік операцияларды меңгерген акушер-гинеколог жұмысқа қабылданды. Қазіргі таңда педиатр-неонатолог және психиатр-нарколог мамандарына қажеттілік бар.

Орталық емхана ғимаратының екінші қабатына 216,5 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді.

Медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында аудандық ауруханаға 1 JAC Sunray және 2 «Газель-NEXT» санитариялық автокөлігі берілді. Бұдан бөлек, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының теңгерімінен аудандық ауруханаға тағы 4 санитариялық автокөлік беру жоспарлануда.

Абай елі – руханият пен өнердің ордасы

Абай ауданының мәдени-рухани өмірі де мазмұнды шараларға толы. Барлық ауылдық округтерде мәдениет үйлері мен клубтар жұмыс істейді. Бұл салада 138 қызметкер еңбек етеді.

Жылдың сегіз айында мәдениет ошақтарында 176 іс-шара ұйымдастырылды.

Облыс басшысы Берік Уәлиұлының қолдауымен ұйымдастырылатын «Абай елі – өнер кеніші» облыстық көркемөнерпаздар байқауында аудан өнерпаздары екінші жыл қатарынан бас жүлдені иеленіп, жылжымалы сахнаға ие болды.

Ауданда 1 аудандық және 9 ауылдық кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. М.Әуезов атындағы кітапханалар жүйесінде сегіз айда 92 іс-шара өткізілді.

Қазақстан халқына қорының «Kitap–Lab» жобасы аясында Қарауыл ауылындағы М.Әуезов атындағы орталық кітапхана, Көкбай және Қасқабұлақ ауылдық кітапханаларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Спортта да жетістіктер мол

Ауданда дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысатын тұрғындар саны 5 447 адамға жетті. Бұл аудан халқының 41,9 пайызы.

Бүгінде аудан бойынша 32 спорт нысаны жұмыс істейді. Қаңтар-тамыз айларында 43 спорттық іс-шара өткізілді.

Облыс әкімінің жүлдесіне арналған халық спорт ойындарында Абай ауданы жалпыкомандалық есепте ІІІ орын иеленді.

Аудан спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда да жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Әлемдік деңгейдегі жарыстарда – 2, Еуропа деңгейінде – 2, Азия деңгейінде – 5, республикалық жарыстарда – 24, Қазақстан чемпионатында – 9 және облыс чемпионатында 33 спортшы жүлделі орындарға ие болды.

Туризм – аудан экономикасының жаңа мүмкіндігі

Абай ауданының туристік әлеуеті жоғары. Аудан аумағында 40 тарихи ескерткіш, 100-ден астам тарихи орын және 8 музей орналасқан.

Жылдың жеті айында ауданға 30 280 турист келген. Бұл өңірдің тарихи-мәдени және табиғи әлеуетіне деген қызығушылықтың артып отырғанын көрсетеді.

Туризм саласында бірқатар жеке инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Абайдың 180 жылдығына орай «Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында «Этно ауыл Жидебай» туристік кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы аумағы – 640 гектар.

Даму бағыты – тұрақты өсім

Абай ауданында 2026 жылдың сегіз айында атқарылған жұмыстар өңірдің экономикалық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған. Ауыл шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, жолдар мен инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік нысандар салу және туризмді өркендету – ауданның алдағы дамуындағы негізгі басымдықтар.

Алдағы кезеңде басталған жобаларды сапалы аяқтап, халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары жалғаса береді.