Кореяда әскери жағдай жарияланды: Елшілік қазақстандықтарға үндеу жасады
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль халқына жолдау жасап, елде әскери төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Агенттіктің таратқан ақпаратына қарағанда, бұған дейін Оңтүстік Корея президенті шұғыл кеңес өткізіп, өзіне импичмент жариялау әрекеті жасалғанын мәлімдеді. Ол оппозицияны елдің негізгі қызметтерін орындау үшін қажетті барлық маңызды бюджет қаражаттарын қысқартты деп айыптады.
Осыған орай Кореядағы Қазақстан елшілігі қазақстандықтарға үндеу жасады.
— Корея Республикасы Президенті Юн Сок Ельдің әскери жағдай енгізуіне байланысты Корея Республикасында жүрген Қазақстан азаматтарын сабырлылық сақтап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауға және көпшілік іс-шаралардан аулақ болуға шақырамыз, — делінген Елшіліктің хабарламасында.
Еске салсақ, қараша айының ортасында Солтүстік Корея Оңтүстік Кореяға 40-қа жуық қоқыс шарын ұшырды. Сонымен қатар Жапония, АҚШ және Оңтүстік Корея бірлескен әскери жаттығуларын бастады.