Пенсильвания судьясы Илон Маскке сайлаушыларға 1 млн доллардан таратуға рұқсат берді

Пенсильвания судьясы Илон Маскке сайлаушыларға 1 млн доллардан таратуға рұқсат берді

Илон Масктың сайлаушыларға күнделікті миллион доллардан таратуы сейсенбі күні өтетін сайлау қарсаңында Филадельфия округі прокурорының сот процесінен аман қалды. Сайлау үшін маңызды Пенсильвания штатының судьясы оны тоқтатудан бас тартты, деп хабарлайды Bloomberg.

Пенсильвания судьясы Анджело Фольетта дүйсенбіде прокурордың заңсыз лотерея деп атаған миллион доллар таратуды тоқтату туралы өтінішін қабылдаған жоқ. Бұл шешім Масктың адвокаты байқаудың жеңімпаздары кездейсоқ таңдалмайтынын айтқан тыңдаудан кейін қабылданды.

Дональд Трампты жақтап жүрген Масктың PAC комитеті сөз бостандығы мен қару құқығын қолдайтын петицияға қол қойғандарға 5 қарашадағы сайлау күніне дейін күн сайын 1 млн доллар таратып отыр. Жеңімпаз құбылмалы штаттардың бірінде тіркелуі тиіс. Бұл ретте байқау белгілі бір үміткердің қолдауын қажет етпейді.

Өткен аптада Филадельфия округінің прокуроры Ларри Краснер Маск пен PAC-қа қарсы сотқа шағым түсіріп, соттан Филадельфия тұрғындарын миллион доллар ұтып алу мүмкіндігі үшін жеке ақпараттарын ашуға және жеңіске жету мүмкіндігінің орнына саяси уәделер беруге шақыратын «заңсыз лотереяны» тоқтатуды талап етті.

Дүйсенбіде Масктың адвокаты Крис Гоберт тыңдауда бұл байқау лотерея емес, өйткені жеңімпаздар кездейсоқ таңдалмайтынын айтты. Оның айтуынша, жеңімпаздар Масктың саяси комитетінің қоғамдық өкілдері ретінде «жарамдылығына» қарай таңдалып отыр.

5 қарашада өтетін президенттік сайлауда Дональд Трампты белсенді түрде қолдап жүрген миллиардер Илон Маск «құбылмалы» штаттарда тіркелген сайлаушыларға сөз бостандығын қолдайтын петицияға қол қойғаны үшін ақша төлегенді жөн көрді. 

Бұл бастама заңгерлер арасында сұрақ тудырды. Бірақ олар «Бұл заңды әлде заңсыз ба?», «Маск заңдарда айла пайдаланып жатыр ма?» деген сұрақтарға бір жауап тапқан жоқ.

Айта кетейік, X әлеуметтік желісінің иесі Илон Маск сайлауалды жиынға жиналғандарды 5 қарашада өтетін сайлауда Трампты қолдауға шақырды.

Маск Трампты қолдау комитетіне кемінде 75 млн доллар бөлді.

Ақпарат KAZINFORM алындыұ


#сайлау, #АҚШ