Абай облысының әкімі Берік Уәли Ақсуат ауданына жұмыс сапары аясында жергілікті тұрғындармен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өзекті мәселелерін талқылады. Кездесуде ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау және цифрландыру салаларында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жоспарлар сөз болды. Жиында аудан әкімі Ерсін Ескендіров 2025–2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп берді. Оның айтуынша, биылғы тоғыз айда ауданда 33,8 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Сондай-ақ жыл басынан бері шаруашылықтарға 38 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.

Ауданның инвестициялық әлеуетін арттыру мақсатында жалпы құны 12,7 млрд теңгені құрайтын сегіз жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта «ДОРА-2020» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 1,2 млрд теңгеге туризм саласын дамыту жобасын қолға алса, «Алтын Алтай» шаруа қожалығы 1 млрд теңгеге тамшылатып суару жүйесін енгізуде.
Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Ақсуат, Қызылжұлдыз, Қожагелді, Көкжыра, Кіндікті және Қарғыба ауылдарында су құбырлары жөнделуде. Бұдан бөлек, бес ауылдың көшелері жаңартылып, Ойшілік ауылына кіреберіс жол жөнделді. Тебіске өзені арқылы өтетін көпір де пайдалануға берілді.
Әлеуметтік салада бірқатар маңызды жобалар іске асқан. Аудандағы сегіз мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп, үш білім беру ұйымына жаңа жабдықтар сатып алынған. Мектептерге арналған сегіз автобустың біреуі Қарғыба ауылындағы Гагарин атындағы мектепке тапсырылды. Қалған жеті автобус жыл соңына дейін беріледі деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар аудандық аурухананың күрделі жөндеуі толық аяқталып, медициналық жабдықтар жаңартылды. Екпін және Ойшілік ауылдарында жаңа спорт кешендері ашылды. Алдағы уақытта Марат Имашев атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қаржылық лизинг арқылы автобус беру көзделген.
Мәдениет саласында да оң өзгерістер бар. Көкжыра ауылында жаңа мәдениет үйі ашылып, Ақсуат және Ойшілік ауылдық кітапханаларының базасында «Жаңа клуб» орталықтары құрылды. Аудандық мемлекеттік архивтің материалдық-техникалық базасы да жаңа компьютерлік жабдықтармен толықтырылды.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауданның 20 ауылы мобильді интернетпен қамтылған. Қызылкесік, Үштөбе және Кіндікті ауылдарында антенна-діңгек құрылыстары аяқталып, электр желісіне қосылды. Аталған елді мекендерді жыл соңына дейін 4G желісіне қосу жоспарланып отыр.

Кездесуде облыс әкімі Берік Уәли Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген басым бағыттарға тоқталып, ауданның дамуында инфрақұрылымды жаңарту, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту маңызды екенін атап өтті.
«Ақсуат ауданының тыныс-тіршілігімен өте жақсы таныспын. Әрине, қордаланған мәселелердің барлығын қысқа мерзімде бірден шешу мүмкін емес. Дегенмен, жолдардың жағдайы, ауыз сумен қамту, елді мекендерді жарықтандыру сияқты халық үшін аса өзекті мәселелер ерекше назарда. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде осы проблемалар кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді», – деді аймақ басшысы.
Жұмыс сапары барысында Берік Уәли аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған оқушылар көрмесін тамашалап, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауда суармалы егістік алқаптарын кеңейту, шаруа қожалықтарына электр желілерін тарту және тұрғын үймен қамту мәселелері көтерілді.
Облыс әкімі тұрғындардың өтініштерін тыңдап, жауапты басқармалар мен аудан әкіміне көтерілген мәселелерді заң аясында шешу бойынша нақты тапсырмалар берді. Кездесу соңында аудан тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Аймақ басшысы халық көтерген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтып, олардың орындалуы тиісті бақылауда болатынын жеткізді.




