Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Экономика 43 қаралымabaidan.kz

Өңірдегі құрылыс: қарқын бар, бақылау күшейді

Өңірдегі құрылыс: қарқын бар, бақылау күшейді

Абай облысында құрылыс саласындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Өңірдегі құрылыс нысандарының қазіргі жай-күйі облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте жан-жақты талқыланды. Жиында әлеуметтік нысандардың құрылысы, тұрғын үй салу жоспары, инженерлік инфрақұрылым және құрылыс сапасы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Медет Тәтеновтің мәліметінше, қаңтар-тамыз айларына құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша 174 млрд теңге көлемінде жоспар белгіленген. Сегіз айдың қорытындысында бұл көрсеткіш артығымен орындалып, құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 195 млрд теңгеге жеткен.

Өңірдегі құрылыс: қарқын бар, бақылау күшейді

Бүгінде облыста бюджет қаражаты есебінен 24 әлеуметтік нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Абайға құрмет» акциясы аясында спорт және мәдениет саласына қатысты бірқатар нысанның құрылысы қолға алынған.Жиында облыс әкімі әрбір нысанның құрылыс барысына жеке тоқталып, жұмыс қарқыны төмен объектілер бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Ал құрылыс деңгейі жоғары нысандарды созбалаңға салмай, қысқа мерзім ішінде аяқтап, белгіленген тәртіппен пайдалануға беру қажеттігін атап өтті.

Өңірдегі құрылыс: қарқын бар, бақылау күшейді

«Құрылыс саласы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша жалпы көрсеткіштің оң динамикасына қарамастан, жекелеген әлеуметтік нысандардың құрылысының баяулауы алаңдатады», – деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы құрылыс сапасына да ерекше мән беру керектігін атап өтті. Оның айтуынша, нысандарды тек белгіленген мерзімде аяқтау жеткіліксіз. Ең бастысы – құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, объектілерді халықтың игілігіне уақытылы беру.

Тұрғын үй құрылысы – басты бағыттардың бірі

Аппараттық кеңесте тұрғын үй құрылысының барысы да талқыланды. Биыл Абай облысында 348,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Қаңтар-тамыз айлары аралығында оның 147,4 мың шаршы метрі пайдалануға берілді.

Өңірдегі тұрғын үй құрылысының ауқымды жобаларының бірі – Қарағайлы ықшам ауданындағы құрылыс жұмыстары. Мұнда 2024 жылдан бері жалпы аумағы 67 926 шаршы метр болатын 13 тұрғын үй бой көтеріп жатыр. Аталған үйлерде барлығы 712 пәтер қарастырылған. Қазіргі уақытта үш тұрғын үйдегі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, қабылдау рәсімдері жүргізілуде. Қалған нысандардың дайындық деңгейі 90-95 пайызға жеткен. Оларды қыркүйек-қараша айлары аралығында кезең-кезеңімен пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуымен қатар, оларды қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізілуде. Бұл – жаңа тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызды бөлігі. Қарағайлы ықшам ауданында тұрғын үй құрылысының жаңа кезеңі де басталды. Биыл мұнда жалпы аумағы 25 мың шаршы метрден асатын төрт несиелік тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Жаңа үйлерде 342 пәтер болады.

Өңірдегі құрылыс: қарқын бар, бақылау күшейді

Нысандарды уақытылы әрі сапалы аяқтау міндеті қойылды

Жиын барысында құрылыс көлемінің өсімімен қатар, жекелеген нысандардағы жұмыс қарқыны мен құрылыс сапасына тұрақты бақылау қажет екені айтылды. Әсіресе дайындық деңгейі жоғары объектілерді пайдалануға беру мерзімін созбау және құрылысы баяу жүріп жатқан нысандар бойынша нақты шешім қабылдау тапсырылды. Аймақ басшысы Қарағайлы ықшам ауданындағы тұрғын үйлерді белгіленген мерзімде пайдалануға беру және оларды инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Кеңес қорытындысында аудан және қала әкімдеріне құрылыс-монтаж жұмыстары мен тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша тоғыз айлық және жылдық жоспарлардың орындалуын қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Жалпы, облыста құрылыс саласындағы негізгі көрсеткіштер оң динамика көрсетіп отыр. Ендігі міндет – бұл қарқынды сақтай отырып, әрбір нысанды сапалы аяқтау, құрылыс мерзімдерін сақтау және әлеуметтік маңызы бар объектілерді тұрғындар игілігіне дер кезінде беру.