Абай облысына жұмыс сапары аясында делегация мүшелері түрлі сала өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Кездесулерде Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі міндеттер, инфрақұрылымды дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, педагогтер мен әлеуметтік қызметкерлерді қолдау, сондай-ақ отандық өндірістің әлеуетін кеңейту мәселелері талқыланды.
Жолдауды талқылау Шәкәрім университетінің студенттері мен оқытушыларымен кездесуден басталды. Оған Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртай Сабильянов пен Құрылтай депутаты Айрат Базенов қатысты. Кездесу барысында жастардың кәсіби дамуы, білікті кадр даярлау, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері сөз болды.
Нұртай Сабильянов өңір үшін өзекті инфрақұрылымдық мәселелерге, соның ішінде жолдардың жағдайына, тұрғын үймен қамтуға, сумен және жылумен жабдықтауға тоқталды.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударды. Семей қаласында жолдардың жай-күйі, тұрғын үймен қамту, сондай-ақ су және жылу жүйелерінің үздіксіз жұмысына қатысты шешімін күткен мәселелер бар. Осыған байланысты Президент мұндай проблемаларды кешенді шешу үшін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлуді тапсырды, – деді ол.
Бұдан кейін делегация Семей бизнес және сервис колледжіне барып, педагогикалық ұжыммен және оқу орнының әкімшілігімен кездесті. Мұнда мұғалімдердің құқықтарын қорғау, педагог мәртебесін арттыру және инклюзивті білім беруді дамыту мәселелеріне басымдық берілді.
Нұртай Сабильянов мұғалімдерді артық есептіліктен және қызметіне тән емес міндеттерден босату үшін заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті. Ал Айрат Базенов ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау маңызды екенін айтты.
Өңірдің әлеуметтік сала өкілдерімен өткен кездесуде әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, мұқтаж азаматтарға атаулы қолдау көрсету және сала мамандарының жалақысын көтеру мәселелері талқыланды.
Абай облысы бойынша мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығының директоры Айқын Битімбаев әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысына қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, сала мамандарының жалақысы шамамен 200 мың теңгені құрайды.
– Оңалту орталықтары қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы мәселені орынды деп санаймын. Қазақстан Халық Кеңесі аясында құрылған комиссиялар мен комитеттер арқылы бұл ұсынысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдаймыз. Сонымен қатар Үкімет деңгейінде де көтереміз. Бұл мамандардың атқарып жүрген жұмысының қаншалықты ауыр екенін ескеру қажет, – деді Нұртай Сабильянов.
Кездесуде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту мекемелерінің тапшылығы да айтылды. Абай облысында мұндай балалардың саны шамамен 6,5 мыңға жетеді. Нұртай Сабильянов көтерілген мәселе құзырлы органдарға жеткізілетінін мәлімдеді.
Думан Орынбеков университет студенттерін әлеуметтік орталықтардың жұмысына тартуды ұсынды. Атап айтқанда, егде жастағы адамдарға смартфонды және электронды мемлекеттік қызметтерді пайдалануды үйрететін сабақтар ұйымдастыру бастамасын көтерді.
«SemeyCement» өндірістік компаниясының ұжымымен өткен кездесуде Президент Жолдауында белгіленген әлеуметтік-экономикалық міндеттер талқыланды. Жиынға ҚР Энергетика вице-министрі Ильяс Бақытжан, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Арнайы бағдарламалар комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Думан Орынбеков қатысты.
Кездесу барысында халықтың нақты табысын арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту, салық және бюджет саясаты мәселелері қозғалды. Сондай-ақ 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарлары талқыланды.
Өндірістік цех бастығы Тархан Жақыпбаев отандық цемент өндірісінің құрылыс саласындағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, 1958 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын елімізді сапалы өніммен қамтамасыз етіп келеді. Ал құрылыс қарқынының артуы зауыттың одан әрі дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Делегация Семей қаласындағы ӨЭК ұжымымен де кездесті. Мемлекеттік органдар өкілдері энергетиктермен Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайту, отандық генерацияны дамыту, қуат көздерін арттыру және электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізу жөніндегі стратегиялық міндеттерді талқылады.
Әсіресе дата-орталықтар мен жасанды интеллект инфрақұрылымының дамуына байланысты электр энергиясын тұтыну көлемінің артуына назар аударылды. Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерін дамыту перспективалары мен елдің энергетикалық теңгерімін жаңарту қажеттілігі қарастырылды. Қатысушылар энергетикалық тұрақтылықтың экономикалық дамуға және халықтың әл-ауқатына әсерін де сөз етті.
Осылайша, кездесулер Президент Жолдауындағы білім беру мен әлеуметтік қолдаудан бастап, өнеркәсіп пен энергетикалық қауіпсіздікке дейінгі бірнеше маңызды бағытты қамтыды. Қатысушылар өңірдегі өзекті мәселелерді талқылап, делегация өкілдеріне сауалдарын жолдап, белгіленген міндеттерді іске асыру жөнінде ұсыныстарын білдірді.









