Абай облысында егіс алқабы 22 мың гектарға артты
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңірдегі күзгі дала жұмыстарын жүргізу барысы қаралды. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл облыс бойынша егіс алқабы 782,1 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 22 мың гектарға артты. Оның ішінде майлы дақылдар – 339,4 мың гектар, дәнді дақылдар – 296,5 мың гектар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бидай алқабы 11,9 мың гектарға азайып, майлы дақылдар көлемі 42,5 мың гектарға ұлғайды. 2025 жылғы 6 қазанға дейін 238,9 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналып, 265,2 мың тонна астық бастырылды. Сонымен қатар, 96,6 мың тонна картоп және 101,6 мың тонна көкөніс пен бақша өнімдері жиналды.Жиналған өнімді сақтау үшін облыста 4 лицензияланған элеватор және жалпы сыйымдылығы 870,9 мың тонна болатын қоймалар жұмыс істейді. Жалпы, дәнді дақылдардың болжамды түсімі 332 мың тонна.

Күзгі егін жинау жұмыстарына 23,7 мың тонна дизель отыны бөлінген. Егін жинауға 4 мың трактор, 2,4 мың комбайн және 700 орақ тартылды. Биыл 394 жаңа техника сатып алынып, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 4,5 пайызға жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 6,5 пайызға дейін жеткізу көзделуде. «Кең Дала» және «Кең Дала-2» бағдарламалары аясында облысқа 18 млрд теңге бөлінді.

«Приречное» агрофирмасының тәжірибесін ескере отырып, 2028 жылға дейін барлық аудан мен қала маңында кемінде 50 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясымен көкөніс және картоп егу жоспарлануда. Бұл жобалар «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржыландырылатын болады. Аймақ басшысы жиында күзгі дала жұмыстарын 1 қарашаға дейін аяқтауды, «Кең Дала» және «Кең Дала 2» бағдарламалары аясында бөлінген қаражатты мерзімінде игеруді, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мен түгендеу жоспарын тиімді орындауды тапсырды. Облыс әкімі өңірдің алдағы үш жылдық дамуында ет және сүт кластерін дамыту мен суармалы егіншілікті кеңейтуге басымдық берілетінін атап өтті.
«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет Басшысы «Үлкен қалалардың жанында азық-түлік белдеуін қалыптастыру керек» деп үнемі айтады. Биылғы Жолдауында да агроөнеркәсіпті дамытуға ерекше тоқталды. Президент айтқандай, азық-түлік белдеуін қалыптастырып, тұрақтандыру қоры негізінде қаланы азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп отырған Семейдің іргесіндегі шаруашылықты, осындай кәсіпорындарды қолдауымыз қажет.Күн тәртібінде қаралып отырған мәселе облыс халқын алдағы қыс мезгілінде қажетті азық-түлікпен сапалы қамтамасыз ету бағытындағы басты шара» деді аймақ басшысы.