Ақсуат ауданының аграрлық секторында өсім бар
Ақсуат ауданында биыл 8 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 20,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 134,2% көрсетті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Ерсін Ескендіров мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, жалпы құны 4,6 млрд теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

– Ауданда асыл тұқымды қой өсіріп, ет өндіру, ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын салу, заманауи технология арқылы балық өсіру, этномәдени туризмді дамыту және 1000 гектар жерге тамшылатып суару жүйесін енгізу жобалары қолға алынды. Бұл бастамалар толық іске асқанда жаңа жұмыс орындары ашылып, аудан экономикасына серпін берумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға ықпал етеді, – деді Ерсін Ескендіров.
Сонымен қатар, ауданда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда ірі қара, қой және жылқы басы айтарлықтай көбейіп, олардың үлесі жалпы мал санының елеулі бөлігін құрап отыр. Жыл соңына дейін асыл тұқымды шаруашылықтардың санын арттырып, мал басын одан әрі көбейту жоспарланған.
– Бұл бағыттағы жұмыстарға мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетілуде. Биыл шаруашылықтарға едәуір көлемде субсидия бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалады деп күтілуде. Сонымен қатар, ауданда 8352 гектар суармалы егістік жер игерілуде. Биыл дәнді және майлы дақылдар, картоп, көкөніс, бақша өнімдері және көп жылдық шөптер егілді. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің алуан түрлілігін қамтамасыз етіп, жерді тиімді пайдалануға жол ашып отыр, – атап өтті аудан әкімі.
#Ауылшаруашылық, #Ақсуат ауданы