Ауыл шаруашылығы 24 қаралымabaidan.kz

️«Ауылдарға – 10 автокөлік» Абай облысында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілді

️«Ауылдарға – 10 автокөлік» Абай облысында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілді

Ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні Абай облысында кең көлемде аталып өтті. Семейдегі Абай атындағы кітапханада ұйымдастырылған салтанатты шарада өңірдің аграрлық саласының дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдары мен сала үздіктері марапатталды. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекемен құттықтаған облыс әкімі Берік Уәли өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінде қол жеткізілген жетістіктерге, мемлекеттік қолдау шараларына және саланы дамытудың алдағы басым бағыттарына тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 20 қарашада өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында «Ауыл шаруашылығы – ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы айрықша сала» деп атап көрсетті. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге, саладағы еңбек өнімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағыттарын дамытуға басымдық берді. Агроөнеркәсіптік кешен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы мен экономиканың берік іргетасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Осыны ескере отырып, біз былтырдан бастап қарапайым еңбек адамдарын марапаттауды, саланың дамуына қажыр-қайратын жұмсап жүрген мамандарды ынталандыруды игі дәстүрге айналдырдық. Естеріңізде болса, былтыр үздік нәтижеге қол жеткізген 10 еңбек адамына 10 автокөлік сыйлаған болатынбыз. Биыл да жақсы бастаманы жалғастырып, 10 автокөлікті бергелі отырмыз.  Бүгінгі мереке – адал еңбектің бағаланатын, маңдай тердің құрметтелетін ерекше күні. Осы орайда сала ардагерлеріне ұзақ жылғы еңбегі мен кейінгі ұрпаққа үлгі болған өнегесі үшін айрықша ризашылығымды білдіремін. Өңіріміз географиялық орналасуы тұрғысынан қолайлы, климаты мал шаруашылығын дамытуға тиімді аймақ. Ауыл шаруашылығын дамытып, өрісті малға, даланы дәнге толтырсақ, болашағымыз жарқын болмақ», – деді Берік Уәли.

Былтырғы игі дәстүр сәтті жалғасып, биыл да Абай облысының еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілді. Ауыл шаруашылығы саласының озаттарына 10 автокөліктің кілті сыйға тартылды. Сала еңбеккерлері «Үздік диқаншы», «Үздік комбайншы», «Үздік селекционер», «Үздік өндіріс меңгерушісі», «Үздік шопан», «Үздік механизатор», «Үздік зоотехник», «Үздік бақташы», «Үздік жас маман» және «Үздік тракторшы» номинациялары бойынша марапатталды. Ерекше атап өтерлігі, Абай облысында 1 жыл, 1 айдың көлемінде ауыл шаруашылығы саласын, қарапайым ауыл адамдарын қолдауға ерекше көңіл бөлініп, 120-дан астам көлік беріліп отыр. Былтыр ауыл шаруашылығы күнінде 10 автокөлік (биыл 10 автокөлік), өткен  жылы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Үлгілі ауыл» байқауы шеңберінде ауылдарға 20 трактор (желтоқсан айында тағы 20 трактор беріледі), биыл ветеринар мамандарға 64 көлік берілген болатын.    

 

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ