Сайлау 14 қаралымabaidan.kz

Мәслихат сайлауы: ОСК сайлаушылар білуі тиіс маңызды талаптарды атады

Мәслихат сайлауы: ОСК сайлаушылар білуі тиіс маңызды талаптарды атады

Алдағы жексенбі, 29 қарашада елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. Дауыс беру республика бойынша 10 338 учаскеде ұйымдастырылады.

Оның 9 782-сі азаматтардың тұрғылықты жері бойынша, ал 556-сы ауруханалар мен әскери бөлімдер сияқты уақытша болу орындарында орналасқан. Сонымен қатар 101 сайлау учаскесінде дауыс беру заңда көзделген тәртіппен таңғы сағат 06:00-де басталады.

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында осынау алдағы саяси науқанға байланысты өзекті мәселелер талқыға түсті.

Сайлаушыларға SMS пен push-хабарламалар жіберілді

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның мәліметінше, қазіргі таңда республикалық және өңірлік телеарналар мен радиоларда видео-аудио роликтер қазақ және орыс тілдерінде эфирде бар, ротациясы жүріп жатыр. Есту қабілеті төмен азаматтарға сурдоаударма қарастырылған. Интернет-порталдардың басты беттерінде науқанның баннерлері орналастырылып, газеттерде ақпараттық модульдер басылған. LED-экрандарда, сауда және ойын-сауық орталықтарында, теміржол вокзалдарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, өзге де қоғамдық орындарда сайлауға қатысты бейнематериалдар көрсетіліп жатыр. Жалпы, өңірлерде 7 000-ға жуық сыртқы ақпараттық материалдар орналастырылған.

- Сайлаушыларға қолайлы болу үшін gov.kz платформасында өз сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын білуге мүмкіндік беретін үш онлайн-сервис жұмыс істейді. Бұл ақпаратты eGov Mobile қосымшасы арқылы да алуға болады. Азаматтарға сайлауға қатысуға шақыратын SMS-хабарламалар, сондай-ақ eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы сайлау учаскесін іздеу сервисіне сілтемесі бар push-хабарламалар жіберілді, - деді ол.

Оның атап өтуінше, сайлаудың ерекшеліктерімен толығырақ танысқысы келетін азаматтар үшін Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының интернет-ресурстарында «Мәслихат-2026» арнайы бөлімдері жұмыс істейді. Сондай-ақ қызықтырған сұрақтарға жауаптарды Орталық сайлау комиссиясының сайтында «Sailau AI» жасанды интеллект көмекшісі арқылы алуға болады.

- Цифрлық сервистер дамығанымен, азаматтармен тікелей қарым-қатынас жасау әрдайым маңызды. Учаскелік комиссия мүшелері сайлаушыларға арналған жеке шақыру қағаздарын тапсыру жұмыстарын аяқтады. Барлық өңірде байланыс орталықтары жұмыс істеп тұр. Басты мақсатымыз — әрбір сайлаушыға 29 қараша, яғни сайлау күні өзінің конституциялық құқығын жүзеге асыруына барлық жағдай жасау, - деді ол.

Сайлау күні бюллетеньді суретке түсіруге бола ма: ОСК түсіндірді

Ал ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, ертең, яғни 28 қараша — тыныштық күні. Бұл күні және дауыс беру күні кез келген үгітке тыйым салынады. Дегенмен, бұған дейін орналастырылған үгіт материалдарын өз орындарында қалдыруға рұқсат етіледі. Атап айтқанда, сайлау комиссияларының үй-жайлары мен дауыс беру бөлмелерінен тыс жерлерде бұрын ілінген баспа үгіт материалдары бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін. Осындай тәртіп интернет желісінде орналастырылған материалдарға да қолданылады. Бұған дейін интернет желісінде жарияланған үгіт материалдары өз орындарында сақталуы керек. Алайда, бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді.

- Сондай-ақ сайлау қорытындыларына қатысты сауалнама нәтижелері мен болжамдарды жариялауға қойылатын шектеулерге де ерекше назар аудару қажет. Дауыс беру күніне дейінгі 5 күн ішінде және дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, сондай-ақ кандидаттарды немесе саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерінің болжамдарын жариялауға жол берілмейді, - деді ОСК мүшесі.

Оның атап өтуінше, дауыс беру күні сауал салуға да шектеулер қойылған. Сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайларда немесе пункттерде қоғамдық пікірге сауал салуға тыйым салынады. Ал дауыс беруге арналған үй-жайлар мен пункттерінен тыс жерлерде Орталық сайлау комиссиясын алдын ала хабардар еткен ұйымдар exit-poll жүргізе алады.

- «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенін фотоға және немесе бейнежазбаға түсіруге, сондай-ақ мұндай материалдарды таратуға тыйым салынады. Сонымен қатар сайлаушылардың сайлау учаскесінде суретке түсу құқығы шектелмейді. Атап айтқанда, сайлау жәшігінің жанында немесе бюллетенді жәшікке салу сәтінде де суретке түсуге болады. Алайда фотосуретте немесе бейнежазбада сайлаушының қай партияға дауыс бергені көрінбеуі тиіс. Дауыс беру күні өткеннен кейін мұндай материалдарды таратуға қатысты аталған шектеу қолданылмайды. Өйткені заңда бұл тыйым тек дауыс беру күніне ғана белгіленген, - деді ол.

Сайлау күні 15 өңірде боран болуы ықтимал

Елімізде сайлау науқанына дайындық жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. Ендігі міндет – дауыс беру күніне дейін қалған мәселелерді шешіп, барлық дайындық шараларын толық аяқтау. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров аумақтық сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдарға төрт негізгі міндетті жүктеді.

– Біріншіден, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығын толық аяқтау қажет. Учаскелер қажетті жабдықтармен, байланыс құралдарымен және басқа да материалдармен қамтамасыз етілуі тиіс. Сайлау бюллетеньдерін уақтылы жеткізу, сақтау және есепке алу мәселелері де бақылауда болуы керек. Екіншіден, мүгедектігі бар азаматтардың өз құқықтарын жүзеге асыруына қажетті жағдайлар жасалуы тиіс, – деді ОСК төрағасы.

Оның айтуынша, үшіншіден, еліміздегі қолайсыз ауа райына байланысты дайындықты пысықтау қажет. Ауа райы болжамына сәйкес, 29 қарашада еліміздің 20 өңірінің 15-інде боран, көктайғақ және тұман болуы мүмкін.

– Төртіншіден, дауыс беру күні қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мәселесі ерекше бақылауда болуы тиіс. Бұл бағытта ішкі істер органдарымен, прокуратурамен және басқа да жауапты мемлекеттік органдармен үйлесімді жұмысты қамтамасыз ету қажет, – деді Нұрлан Әбдіров.


 Фото: Kazinform\ЖИ
https://kaz.inform.kz/news/maslihat-saylaui-osk-saylaushilar-blu-tis-manizdi-talaptardi-atadi-36a2de97/