Ауылға серпін: Абай ауданында кәсіпкерлік жаңа деңгейге көтерілуде

Ауылға серпін: Абай ауданында кәсіпкерлік жаңа деңгейге көтерілуде

Абай облысының Абай ауданының тұрғындары үшін ұзақ уақыт бойы басты түйткілдің бірі өз ісін бастауға және дамытуға қаржының жетіспеуі болды. Бұл мәселе, әсіресемал шаруашылығы саласында айқын байқалды. Бастапқы капиталдың болмауы кәсіпкерліктің дамуын тежеп, адамдардың өз әлеуетін толық жүзеге асыруына мүмкіндік бермеді. Соның салдарынан көптеген шаруашылық шағын деңгейде қалып ауқымын кеңейте алмай келді. Бұл жағдай «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылғаннан кейін өзгере бастады. Бағдарлама ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несиеге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, өз ісін бастауға ғана емес, оны тұрақты табыс көзіне айналдыруға жол ашты. Осы жобаның жарқын мысалдарының бірі – Абай ауданындағы зейнеткер Азамат Тлеуханов. Ол 8,6 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жылқы шаруашылығымен айналыса бастады. Бастапқыда 21 бас жылқыдан басталған кәсіп бүгінде 51-ге дейін жетіп, отбасылық шаруашылыққа айналды.

Бұл мысал көрсетілген қолдаудың тиімділігін ғана емес, ауыл экономикасындағы нақты өзгерістерді де айқын көрсетеді. Азамат Тлеухановтың шаруашылығы тұрақты табыс көзіне айналып, мал басының өсуі мен өнім көлемінің артуы таңдалған бағыттың тиімділігін дәлелдейді. Ең бастысы, ауыл тұрғындарының өз күшіне деген сенімін арттырып,кәсіпке бет бұруға деген ынтасын күшейтіп отыр. Жобаның әлеуметтік әсері де ерекше. Еңбекке жас ұрпақ та араласуда: Азаматтың ұлы Әлихан әкесіне көмектесіп, мал бағу мен шаруашылық жүргізу дағдыларын үйренуде. Осылайша еңбек құндылықтары қалыптасып, практикалық тәжірибе ұрпаққа берілуде. Бұл жобаның тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызын да айқындайды. 

Кәсіпкердің айтуынша, берілген мүмкіндік – үлкен жауапкершілік пен сенімнің көрінісі.

«Мұндай мүмкіндік жайдан-жай берілмейді – бұл үлкен жауапкершілік пен сенім. «AMANAT» партиясына қолдау көрсетіп, осындай мүмкіндік бергені үшін алғысым шексіз. Бүгінде өз ісімді бастап, оны дамытуға және өз әлеуетімді толық жүзеге асыруға жол ашылды. Еңбек пен ниет болса, мүмкіндік әрқашан табылады. Алдағы уақытта шаруашылығымның ауқымын одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмын»,– дейді Азамат Тлеуханов.

Жоба аудан көлемінде де нақты нәтижесін көрсетуде. 2023 жылы жеңілдетілген несиені 17 адам алды: олардың басым бөлігі Қарауыл ауылында, сондай-ақ Көкбай және Құндызды ауылдарында жобалар жүзеге асырылды. Барлық бастама мал шаруашылығын дамытуға бағытталып, жалпы қаржыландыру көлемі 114 млн теңгені құрады.

Нәтижесінде ауыл тұрғындары мал басын көбейтіп қана қоймай, өз өнімін нарыққа шығара бастады. Бүгінде олар сүт, құрт, қаймақ, ет секілді табиғи өнімдерді дайындап, халыққа ұсынуда. Бұл жергілікті нарықтың қалыптасуына, сұраныстың артуына және тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар жоба аясында жаңа жұмыс орындары құрылып, тұрақты табыс көздері қалыптасты. Бұл ауыл экономикасының жандануына және халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруына оң әсер етуде. Өңірлік деңгейде де жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға 2 059,5 млн теңге бөлініп, 6 аудан мен 96 ауылдық округ қамтылды. Нәтижесінде 280 жаңа жұмыс орны ашылып, 210 жаңа кәсіпкер тіркелді. Бағдарлама аясында несиелер 2,5% жылдық мөлшерлемемен 7 жылға дейін берілді. Жалпы саны 363 жеңілдетілген несие ұсынылып, ірі және ұсақ мал шаруашылығы, жылқы өсіру, омарта шаруашылығы және басқа да кәсіп түрлері қамтылды.

Осылайша «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы Абай ауданында ауыл кәсіпкерлігін дамытудың тиімді тетігіне айналды. Ол экономикалық өсімді қамтамасыз етіп қана қоймай, халықтың тұрмысын жақсартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, отбасылық кәсіпті дамытуға және тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етуге ықпал етуде.


#Ауылшаруашылық, #Ауыл Аманаты, #Абай ауданы