Облыс әкімі Бесқарағай ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралады
Абай облысының әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, қазақы жылқының жаңа типін шығарған шаруа қожалығында болды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапарын Бесқарағай ауылында «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынған мектепті аралаудан бастады. 300 орындық білім ордасының құрылысы толық аяқталған. Оқу процесі биылғы оқу жылының 4-інші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр. Алайда нысанға тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» АҚ электрмен жабдықтауға қатысты туындаған мәселеге байланысты ғимаратты жергілікті атқарушы органдардың балансына бермеген.

Аудан орталығында 2 мектеп бар. Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектеп балабақшаға бейімделген ғимаратта орналасқан. Мұнда 500-ге жуық оқушы білім алуда. Білім басқармасының басшысы облыс әкіміне мектеп оқушыларының барлығын жаңа салынған білім ордасына орналастырып, ғимаратты балабақша ретінде жаңғыртуды ұсынды.

Облыс әкімі Құрылыс басқармасының басшысына «Жайлы мектеп» бағдарламасымен бой көтерген мектептің құрылысын қатаң бақылауға алып, әр апта сайын жағдайды баяндап отыруды тапсырды. Құрылысқа тапсырыс берушіге ғимаратты барлық талаптарға сай қабылдап алуды жүктеді.

Аймақ басшысы аудандық Мәдениет үйінің жұмысымен де танысты. Облыс басшысына ауданда жеке инвесторлар есебінен жүзеге асыруды жоспарлап отырған жобалар туралы баяндалды. Олардың қатарында Бесқарағай ауылында 100 орындық балаларды дамыту орталығы, күнбағыс майын өндіретін зауыт, көп пәтерлі тұрғын үй кешені, Белокаменка ауылында 50 орындық мектеп салу, Шошқалы көлінің туристік әлеуетін арттыру секілді жобалар бар. Аудан әкімі Бесқарағай ауылында ғимараттар тұрғызу үшін жаңа қазандық салу қажеттігін айтты.
«Қазандық салу мәселесін қарастырайық. Есептеп, ұсыныс беріңіздер. Ауданға келіп, жұмыс бастаймын деген инвесторларға барлық жағынан қолдау білдіру керек» деді облыс әкімі.
#Абай облысы, #Бесқарағай, #Абай облысының әкімі, #Берік Уәли