Облыс әкімі «Бақты» кеден бекетінің жұмысымен танысты
Абай облысының әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Мақаншы ауданына барды. Аймақ басшысы бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, «Бақты» кеден бекетінің жұмысымен танысты. Алакөл жағалауында болып, көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық барысын тексерді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапарын «Бақты» кеден бекетін аралаудан бастады. Үкіметтің «Өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық жарақтандыру» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2023 жылдың қаңтар айынан бері нысанның өткізу бекетінде құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізілуде.

Жобада өткізу пунктін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін кедендік бақылаудың заманауи техникалық құралдарымен жарақтандыру көзделген.

Тауарлар мен көлік құралдарын сканерлеу бойынша инспекциялық-тексеру кешендерінің желілерінің санын 1-ден 3-ке дейін, автокөлік құралдарының салмақ-габариттік параметрлерін өлшеу бойынша желілер санын 2-ден 7-ге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қазіргі заманға сай жолаушылар терминалының құрылысы да қарастырылған. Өткізу пунктінде автокөлік құралдарын тасымалдауға арналған жолақтар санын 2-ден 6-ға дейін ұлғайту, оның ішінде экспорт пен импортты үш жолаққа ұлғайту жоспарланған.

Жобаны іске асыру барысында «Бақты» өткізу пунктінің қабілетін 8 сағаттық жұмыс режимі кезінде 60 бірліктен 500 бірлік автокөлік құралына дейін, жолаушыларды өткізуді 150 бірліктен 1 000 бірлікке дейін тек бір бағытқа ұлғайту көзделген. Бұл өз кезегінде тауарлар мен көлік құралдарының мемлекеттік шекарада кедендік бақылауда болу уақытын едәуір қысқарады.

Облыс әкімі кеден бекетіндегі жаңғырту жұмысының Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықтың ұлғаюына тигізер әсері зор екенін атап өтті.
«Мақаншы - Президенттің бастамасымен ашылған, туристік, аграрлық әлеуеті зор аудан. Ал Бақты кеден бекетінің аудан экономикасы үшін маңызы зор. Сондықтан бекеттің мүмкіндігін кеңейту жұмысын жалғастыру қажет және құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтау керек» деді аймақ басшысы.
#Абай облысы, #Мақаншы ауданы, #Берік Уәли