11 жастағы Алтынай Өтеубаева – кітап оқуды бала кезінен серік еткен жас оқырман. Бүгінде ол Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алып жатыр. Алтынай осы уақытқа дейін қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерінде 853 кітап оқып үлгерген.
Алтынайдың кітапқа деген қызығушылығы төрт жасынан басталған. Әсіресе шытырман оқиғаларға негізделген шығармаларды ұнатады. Оқыған кітаптарының мазмұнын еркін баяндап, шығарма кейіпкерлері мен оқиғалары туралы қызығушылықпен әңгімелейді.
Жас оқырман әдеби шығармаларды төрт тілде оқиды. Шет тілдеріндегі кітаптармен танысуына отбасы да қолдау көрсетіп, ата-анасы кейбір басылымдарды Ұлыбританиядан арнайы алдыртып отырған.
Бұған дейін Алтынай Астана қаласындағы №17 мектеп-гимназиясында білім алған. Биыл ол Назарбаев Зияткерлік мектебіне қабылданып, оқуын Семей қаласында жалғастырып жатыр. Жаңа ортада жас оқырман өзінің білімге деген қызығушылығы мен ізденісін одан әрі дамытып жүр.
853 кітап – Алтынай үшін соңғы меже емес. Ол оқуын жалғастырып, жаңа авторлар мен шығармаларды танып, білім көкжиегін кеңейтуді мақсат етеді.




