Абай облысында мектеп оқушысы 3D модельдеуде домбыра жасады
Семей қаласындағы №44 мектептің 8-сынып оқушысы Жігер Бақытбеков 3D домбыра макетін жасады. Бұл туралы Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, abaidan.kz тілшісі хабарлайды. Оқушы жетекшілерімен бірге домбыра үйірмесіне ұлттық аспапты қолдан жасап көрмекші болған. Вlender программасында жасалған аспап 4 пластик бөліктен тұрады. Құралды 3D принтерден басып шығарған, домбыраның шанағын екі бөлікке бөліп, мойнын және құлағын басып шығарғанға 15 сағат уақыт кеткен. Барлық бөлікті ыстық желіммен жабыстырып құрастырған. Кәдімгі домбыраның ішегін орналастырып, үйірмеде шертуге болатын заманауи құрал дайындаған.
Осылайша автор мектепте үйірмелерге қатысатын оқушыларға 3D принтер арқылы домбыра жасап беруге болатынын дәлелдеді. Болашақта домбыраны үлкен ауқымда жасап, тағы электронды домбыра жасау үшін ардуино программасын орнатуды жоспарлап отыр. Ардуино программасы арқылы датчиктер орнатып аспапты жетілдіріп, оқушыларға домбыраны шертіп үйренуге ықпал етуге болады деп есептейді авторлар.
«Ол үшін сапалы 3D принтер және көп мөлшерде пластик қажет, сонда заманауи домбыралардың санын көбейтіп, ұлттық аспапты қолдан өндіруге мүмкіндік туады. Өйткені үйірмеге қатысу үшін домбыраны сатып алу кейбір отбасына қымбатқа түседі, ал осындай модельдеуде басып шығарылған домбыра әрі қолжетімді, әрі ұлттық мәртебемізді арттырады,-дейді жетекшілері.
Мектепте жетіген үйірмесін ашып, пластиктен 3D принтер арқылы жетігенді де жасауды ойлаған. Ішектерін тартып, асықты пластиктен жасап ұлттық аспаптың жаңа үлгісін ұсынбақшы. Жетекшілері: Есимжанова Майра Асқаровна, Тлеубердиева Қымбат Тлеубердіқызы.