Екі күнге созылған XXҮ Республикалық Абай оқулары өз мәресіне жетті

Екі күнге созылған XXҮ Республикалық Абай оқулары өз мәресіне жетті

Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымы оқушылары арасында ХXV республикалық Абай оқулары өтті. Жыл дәстүрлі үрде ұйымдастырылатын жарысқа 130-дан астам оқушы қатысып, өз бақтарын сынады. Жидейбайдағы жүйріктер сайысына 15 адам қазылық жасап, әр номинация бойынша мықтыларды анықтады,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 
 


- Абай оқулары Құнанбай атамыздың 220 жылдық мерейтойы мен тұспа-тұс келіп, өткізіліп жатыр. Сонымен қатар дәстүрлі түрде өткізілетін Абай оқуларының ХXV жылда толыпты. Бүгін әр облыстан іріктеліп, ішіндегі ең мықтылары сайысқа түсіп жатыр. Әркім шамасына қарай, қарым-қабілеттеріне қарай дайындалып келген. Қатысушылардың өнеріне қарай әділ бағасын бердік, - деп атап өтті Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, қазақ филологиясы факультетінің деканы,ф.ғ.д., профессор, қазылар алқасының төрағасы Айбар Қадыров.
 


Республикалық Абай оқулары қазақ тілінде алты номинация бойынша өткізілді. Атап айтар болсақ: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөздері», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» , «Көңілім әнді ұғады», «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», «Сөз өнеріндегі Ұлы Абай бейнесі» сайыстары. Оқушылар Абай өлеңдерінен ең көбі 200 өлең жаттаған. Осылайша байқау барысында 200-ге жуық өлең, 45 қарасөз, 2 поэма жатқа оқылды.
 


- Мен бүгінгі сайыста «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы бойынша бақ сынап жатырмын. Республикалық деңгейде болғансоң жарыс өтте жоғары деңгейде өтуде. Жеребе бойынша алғашқыларды бірі болып өз өнерімді көрсеттім. Яғни, дайындап келген екі өлеңімді оқыдым және кітапшаларымды ұсындым. Осы жарысқа қатысқаныма қуаныштымын ,- деді сайысқа қатысушы Еркежан Шайкенова.

Сайыс қорытындысы бойынша 47 оқушы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің дипломын иеленді. Атап айтсақ, I дәрежелі дипломмен 6 қатысушы, II дәрежелі дипломмен 18 қатысушы және III дәрежелі дипломмен 23 қатысушы марапатталды. 18 оқушыға арнайы номинация табысталса, әр номинация бойынша ерекше жетістігі үшін тағы 18 оқушыға грамота берілді. Сондай ақ қатысушылар құр алақан қайтпай, бағалы сыйлықтармен де қанжығаларын майлады.
 


#Абай облысы, #Абай Құнанбаев