Абай мұрасы - рухани кемелдену жолы. Жастар форумы Семейде өтті.

Абай мұрасы - рухани кемелдену жолы. Жастар форумы Семейде өтті.

 Шәкәрім университетінде 23-24 мамыр күндері  Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай, «Абайдың толық адам ілімі: ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» Республикалық жастар форумы өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Шәкәрім университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Іс-шараны Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков құттықтау сөзбен ашып,  форум жұмысының маңыздылығына тоқталды. 

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында Абайдың «Толық адам» ілімін жастардың зияткерлік тәрбиесінің өзегіне айналдыру керектігін баса айтқан болатын. Бұл үрдіс мәдени бастама ретінде емес, жауапты, кемел, ойлы азаматты қалыптастырудың стратегиялық моделіне айналуы тиіс. Өйткені бұл – қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуының іргетасы.Бүгінгі форум хакім Абайдың  «Толық адам» ілімін ұлттық және заманауи тұрғыда тереңірек түсініп, әр қырынан талдап, маңызын зерделеуге арналып отыр. Бұл басқосу жастардың рухани болмысына серпін беретін, ортақ ізденіс пен тың идеялардың алаңы болмақ»- деді ол. 

Форумға Назарбаев Университетінің профессоры, Ұлттық мәдениет орталығының басшысы Гүлтас Құрманбай, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы, Астана қаласы бойынша Сот әкімшілігі департаменті басшысының орынбасары Қанат Оспанов,  М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің баспасөз хатшысы, абайтанушы, әуезовтанушы Әзімхан Исабек, еліміздің 70-ке жуық жоғары оқу орнының әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректорлары, Жастар саясаты департаменттерінің басшылары мен белсенді студенттер қатысты. 

Гүлтас Құрманбай Абайдың тағылымы мол қара сөздері мен өлеңдеріндегі пәлсапалық ой-тұжырымдарды қазіргі күнмен сабақтастыра сөйлеп, дала данышпанының мұрасы бүгінде тұтас бір халықтың адастырмас темірқазығы, рухани қайнары, сарқылмас қазынасы болып отырғанын жеткізді. Ол Абай ілімін зерделеуді жаңа белеске көтеру үшін жаңа технологияға бейімдеуіміз керек дейді.

«Қазіргі компьютерлік, жасанды интеллект заманында Абайды бұрынғыша таптаурын болған әдіспен құр айта беру жастарды тартпай, керісінше алыстатуы мүмкін. Сондықтан Абайды қазіргі қоғамға сай, күнделікті өмірде пайдаланатындай технологияны лайықтау керек деп ойлаймын. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзі үлкен ұран сияқты. Яғни, біздің қазақ баласының ұлттық деңгейден әлемдік деңгейге көтерілуінің негізі осы бір-ақ ауыз сөзінде жатыр.Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер».

Әзімхан Исабек «Мұхтар Әуезов және абайтану мәселелері» тақырыбындағы баяндамасында: 

«Шымкентте данышпан Абайдың ұрпақтары жерленген. Осы күнге дейін баласы Тұрағұл сүйегі «Химфармның» астында қалып кетіпті деген дерек болды. Тарихи шындық Мәкен Тұрағұлқызы  жасатқан мәрмәр тастың арқасында ашылды.  Жәдігерде талай жылдардан бері жұмбақ болып келген Абай ұрпағының мазаратының қойылған жері берілген. Осылайша Абайдың баласы Тұрағұл мен Мекаилдың, келіндері Камалия мен Дәмежанның жерленген жерлері белгілі болып отыр. Мұхтар Әуезов бес рет Шымкентке сапар жасаған. Сол сапарларында Сарыағашта тұратын Мәкен апамызға барып, Тұрағұлдың ұрпақтарымен тығыз қарым-қатынаста болған»- деп Абай ұрпағының Шымкент қаласымен тығыз байланысты екендігін атап өтті. 

«ХХІ ғасыр білім беру жүйесіндегі mainstream – «Толық адам» ілімі» тақырыбын кеңінен тарқатқан Шәкәрім университеті «Абай және ұлттық руханият» ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі, ф.ғ.к. Ақмарал Смағұлова Абай ХІХ ғасырда ұсынған «Толық адам» ілімінің бүгінде барлық білім беру мекемелерінде қолға алынып жатқанын, осылайша өскелең ұрпаққа ұлы ойшылдың тағылымын үлгі етіп, тереңіне үңілтіп, өміріне азық етерлік білім беру – адами қасиеттерді жоғары бағалайтын, өз-өзін жетілдіруге ұмтылатын «Толық адам» тұлғасын қалыптастыруға негіз болатын маңызды бағыттардың бірі деп қортындылады.   

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы жоғары оққу орны  тек білім ғана емес, тәрбие де  беретін орын екенін айтып, жастар арасында жүргізілетін жұмыстардың негізгі бағыты ретінде «Толық адам» идеологиясын қалыптастырудың жалғасатынын атап өтті. 

Форум аясында «Абай облысы ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен «Абай жастары» жастар ресурстық орталығы «Болашақ көшбасшы – бүгінгі жастар» семинар-тренингін ұйымдастырды. «Жастар – болашақ драйвері» TED talks-інде қатысушылар  өз ойларын ортаға салып, жаңа идеяларымен бөлісті. «Қарагөз» студент-жастар театрының қойылымын тамашалады.

 Пікірталас  «ShakarimQuiz» интеллектуалды ойынымен жалғасты.

Келесі күні Республикалық жастар форумының қатысушылары Абайдың туған жеріне экскурсиялық сапарға шықты. 

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков бастаған форум қонақтары Күшікбай монументіне, М.О. Әуезовтің ата қонысы – Бөрілідегі музей-үйіне, «Еңлік-Кебек» ескерткішіне,ұлы ақынның кіндік қаны тамған жер – Сырт Қасқабұлаққа, сондай-ақ, Жидебайдағы Абай музей-үйіне ат басын тіреп, Абай-Шәкәрім мемориалдық кешенінде бір әулеттен шыққан қос ұл, қос данышпан –Абай мен Шәкәрімнің рухына тағзым етті. 


#Семей, #Абай облысы