Семейлік оқушы акция бағасын болжайтын AI-платформа жасады
Семей қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Ерзат Маметаевтың «FinPredict» ғылыми жобасы авторлық құқыққа ие болды. Жас зерттеуші қор нарығындағы акция бағаларын жасанды интеллект арқылы болжауға арналған интеллектуалды платформаны әзірледі.
Жоба бірнеше озық технологиялар мен машиналық оқыту модельдерін біріктіреді. Атап айтқанда, SARIMAX, Prophet және LSTM модельдері арқылы акциялардың өзгерісін талдап, болжам жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар платформа техникалық талдау жүргізіп, нарықтағы өзекті жаңалықтарды ұсынуға, баға өзгерістеріне байланысты смарт-хабарламалар жіберуге және қазақстандық акцияларды бақылауға бейімделген.
-Жобамның басты мақсаты – қаржы нарығын талдауға арналған қолжетімді әрі тегін цифрлық құрал қалыптастыру. Зерттеу барысында Python бағдарламалау тілі негізінде веб-платформа әзірлеп, халықаралық және қазақстандық акциялармен жұмыс істейтін жүйе құрастырдым. Бұл жоба адамдардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, жасанды интеллект технологияларын тәжірибеде қолдануға және заманауи инвестициялық құралдарды дамытуға бағытталған, - дейді жоба авторы.
Оның ғылыми еңбегі бұған дейін де жоғары бағаланып, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің желілік ғылыми жобалар байқауында I орын, Ө. Жолдасбеков атындағы 11–12 сынып оқушыларына арналған математика және механика бойынша халықаралық зерттеу жобалар конкурсында да I орын иеленген.
#Семей, #Оқушы, #жасанды интеллект