Шәкәрім университетінде AI&Agriculture-2025 солватоны өтті

Шәкәрім университетінде AI&Agriculture-2025 солватоны өтті

6–8 желтоқсан күндері Шәкәрім университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «AI-Sana Shakarim Solveathon: AI&Agriculture-2025» атты алғашқы агротехнологиялық солватон өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі оқу орнының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  Іс-шара ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерге жасанды интеллект негізінде шешімдер әзірлеуге бағытталды.

Солватонның ашылуында университет ректоры Думан Орынбеков ауыл шаруашылығы саласын жаңа технологиялар арқылы дамыту қажеттігін атап өтті. Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов және ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова агросекторды цифрландырудың стратегиялық маңызын жеткізді.

Ірі агрокәсіпорын өкілдері ЖИ көмегімен су үнемдеу, тыңайтқыш мөлшерін есептеу, зиянкестерден қорғау сияқты бағыттарда тиімді шешімдер ұсынуға болатынын айтты.

Үш күндік марафонға еліміздің сегіз жоғары оқу орнынан командалар қатысып, нақты өндірістік міндеттерге арналған ЖИ жобаларын әзірледі. Қазылар алқасының шешімі бойынша:

  • I орын – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы (1 000 000 тг)
  • II орын – Шәкәрім университеті, Әлихан Бөкейхан университеті және ХАТУ бірлескен командасы (700 000 тг)
  • III орын – Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ командасы (500 000 тг)

Солватон барысында ұсынылған жобалар агросектордағы жұмыс үдерістерін оңтайландыруға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретінін көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама ауыл шаруашылығын цифрлық трансформациялаудың жаңа кезеңін бастайды.


#Абай облысы, #білім беру