«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі: балалардың білім қорын құруға бағытталған жаңа мемлекеттік бастама
Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балаларға арналған «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі әзірленді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Жаңа құралдың басты мақсаты – еліміздің барлық балаларына 5 жасынан 18 жасқа дейін білім алуға қажетті қаражатты тұрақты жинақтауға мүмкіндік беру. Жүйе жоғары, техникалық және кәсіптік білімді елде де, шетелде де қаржыландыруға арналған.
«Келешек» бағдарламасына қосылу үшін ата-аналар мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі жұмыс істейтін екінші деңгейлі банктер мен сақтандыру компанияларында арнайы шот ашады. 2025 жылы 5 жасқа толған балалар үшін мемлекет тарапынан 60 АЕК (235 920 теңге), ал жетім балалар үшін 120 АЕК (471 840 теңге) көлемінде бастапқы білім беру капиталы есептеледі. Сонымен қатар жыл сайын 5–7% мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс қосылады.
Жүйенің негізгі шарты – ата-аналар жыл сайын кемінде 12 АЕК мөлшерінде міндетті жарна енгізуі тиіс. Шоттар Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры тарапынан қорғалады, ал сақтандыру компанияларындағы жинақтар Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры арқылы сақтандырылады.
Жинақталған қаражатты тек білімге емес, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе қажет болған жағдайда үшінші тұлғаларға беруге мүмкіндік бар. Білім беру грантын иеленген балалар үшін қалған қаражатты жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға бағыттауға болады.
2025 жылдан бастап студенттік стипендиялар едәуір өседі.Мемлекет студенттерді қолдау мақсатында стипендиялық төлемдерді кезең-кезеңімен арттырып келеді.
Бакалавриат: 52 372 теңге
Педагогикалық және медициналық бағыттар: 84 000 теңге
Магистранттар: 117 098 теңге
Докторанттар: 262 500 теңге
Интернатура: 94 862 теңге
Резидентура: 134 664 теңге
«Өте жақсы» оқитын студенттерге жоғары стипендия тағайындау тәжірибесі сақталады.
Бірқатар әлеуметтік осал санаттағы білім алушылар үшін стипендияға қосымша төлемдер бекітілді:
Көру/есту қабілеті бұзылғандар:
Бакалавриат: 94 651 тг
Магистратура: 204 921 тг
Докторантура: 459 375 тг
Жарақат, контузия салдарынан мүгедектігі бар студенттер:
Бакалавриат: 78 558 тг
Магистратура: 175 647 тг
Интернатура: 142 293 тг
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар:
Стипендия 30% өседі:
Бакалавриат: 68 083 тг
Магистратура: 152 227 тг
Интернатура: 123 320 тг
Сонымен бірге оқуда ерекше жетістіктерге жеткен студенттер үшін жылына 104 744 теңге мөлшеріндегі Президенттік стипендия көзделген. Оны бакалавриаттың 3-курсынан, магистратураның 2-курсынан бастап алуға болады. Бұл стипендияны грантта да, ақылы бөлімде оқитындар да ала алады.
Студенттерге арналған жатақханалар инфрақұрылымы кеңейеді
2029 жылға дейін елімізде жыл сайын 10 мың орындық жаңа жатақхана пайдалануға берілмек. 2024 жылы 11 096 орын іске қосылған.
Астана мен Алматыда студенттерге жатақханаларға орналастыру мәселелері бойынша кеңес беретін арнайы фронт-офистер жұмыс істейді. Жатақхана құрылысы бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі де ұлғайтылды:
Алматыда: 144 АЕК → 230 АЕК
Басқа өңірлерде (Астана қоса алғанда): 122 АЕК → 195 АЕК
Реконструкция үшін төленетін өтемақы 92 АЕК-тен 182 АЕК-ке дейін өсірілді.
Мемлекет жаңа жатақханалар құрылысын ынталандыру үшін МЖӘ тетігін енгізіп, құрылысшыларға инвестициялық шығыстарды кезең-кезеңімен өтеу механизмін ұсынды. Әлеуметтік санаттардағы студенттерге 2025 жылы оқу кезеңінде жатақханада тұру үшін 100 050 теңге көлемінде өтемақы төленеді
«Келешек» жинақтау жүйесі, стипендиялардың өсуі және жатақханалар санын арттыру – Қазақстанның білім беру саласында жүргізіп отырған ауқымды әлеуметтік шаралардың бір бөлігі. Бұл бастамалар балалардың білімге қолжетімділігін кеңейтіп, студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, жас буынның дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
#гранттар, #білім беру, #бағдарлама