Талапкерлер оқуға құжатты қай платформа арқылы онлайн тапсыра алады
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев талапкерлер оқуға құжатты платформа арқылы онлайн тапсыруға болатынын айтты.
«Шалғай аймақтарда тұратын талапкерлердің ыңғайы үшін еGov электронды үкімет порталы арқылы онлайн өтініш қабылдау жүргізіледі. Сонымен қатар құжатын дәстүрлі форматта – офлайн тапсырғысы келетіндер үшін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жұмыс істейді», - деді ол.
Қуаныш Ерғалиев грантқа өтініш беру үшін оқу орны орналасқан қалаға келмесе де болатынын айтты.
«Осы жерде мына маңызды нәрсені айта кетсем, құжаттарды кез келген ЖОО арқылы тапсыруға болады. Мысалы, Алматыға оқуға түсуді жоспарлап отырған түлек грантқа өтініш беру үшін Алматыға келмей-ақ, құжаттарын еGov арқылы онлайн немесе жергілікті ЖОО арқылы офлайн тапсыра алады», - деді вице-министр.