Тіл мәселесі оқулықтан басталады
Балалардың оқулықтарын қарап отырып, ойға кеттім. Біртүрлі... рас қызық. Олай демеске амалым жоқ. Оқулық құрастырғандардың нақты нені негізге алғандарын түсіну қиын. Қарап отырсаң, баланың ана тіліне деген құштарлығын арттырады деу қиын. Қазірде бұрынғыдай емес мектептерде жазба жұмыстары жоқтың қасы. Әсіресе, Диктант. Мазмұндама.Шығарма дегендердің ауылы алыс қалғалы қашан? Бұрындары «Мектеп», «Рауан» баспасынан шығатын кітаптардың мазмұны бойынша әрбір тарауды аяқтағанда, диктантпен қорытындылап отыратын. Бұл баланың сауатты жазуына септігін тигізетін. Одан қалса, қызыл сиямен қателерін көрсетіп, кейін қатемен жұмыс жасайтын. Ал қазір баланың қатесін түртіп көрсетуге болмайтын заман болды. Баланы «психологиялық тұрғыдан жаралауға» болмайды дегенді шығарды. Сонда бала өз қатесін көрмесе, неден қателескенін білмесе қандай болып өседі? Өз ісіне жауап бере алмаған баладан не сұраймыз? Ертең ол бала сауатсыз, жауапсыз болып шығады емес пе? Ал мазмұндамаға келсек, оның әңгімесі бір бөлек. Мұғалім 2-3 қайтара оқып берген әңгімеден түсінгенін жазатын. Бұдан баланың ауызекі тілде сөйлеу шеберлігін, сөз байлығын мен тағы да сол сауаттылығын анықтауға болатын. Балалардың сөздік қорының молаюына септігін тигізетін. Қазірде ондай жаттығулар мүлде жоқ десе де болады. Тіпті қазақ тілі кітаптары грамматика оқулығына ұқсамайды десем артық емес. Себебі, бұрын оқулықтардың өзі Фонетика, Морфологогия, Лексика, Синтаксис- деп тарауларға бөлінетін. Оны белгілі бір сыныптарда тереңдетіп оқытатын. Тіл дыбыстарын бөлек, жалғау, жұрнақ дегендерді бір бөлек, сөздердің мағынасы мен түрлерін жеке талдап тұрып, жілігін шағып көрсететін. Сол әліпбиден бастап, грамматика арқылы баланы сауаттылыққа тәрбиелейтін. Қазірде бағамадап қарасақ сауатсыз жазып, ауыз екі тілде ойын жеткізе алмайтын ұрпақ өсіп келеді. Қазақ әдебиетінің де жағдайы осындай. Қазіргі оқулықтағы ақын-жазушыларды балалар тұрмақ, өзіміз танымаймыз. Ал шығармалары туралы айтпаса да болады. Бірінші сынып оқушыларына Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын оқытып, жаттатады. Оны бұрын жоғарғы сынып оқушылары ғана оқитын, шығарма жазатын. Себебі күрделі. Шығарма дейміз -ау.... Қазір мектепте қазақ әдебиетінен шығарма жазбайды ғой. Бұрын 9 – 10 -11 сынып оқушылары шығарма жазатын. Тіпті мемлекеттік емтихан тапсыратын. Шығарма қазір айтып жүрген жүйелі жоспарлауға, дәйек пен дерекке сүйенуге, өздігінен ізденуге, мәселені көтеруге, сауатты жазып, сөйлеуге баулитын. Қазір барлығы тест. Бұған тағы да жаңарған қоғам мен инернетті желеу етеміз. Шет елдермен салыстырамыз. Ал оқулық ше? Барлығы осы кітаптан басталмай ма? Қолыма оқулықты алып, осылайша қалың ойға шомдым. Ана тілінің беделін арттыру үшін, болашақ ұрпаққа дұрыс білім беруіміз керек. Жаңарған қоғамда өмір сүріп, интернетті пайдаланғанымызбен мектепте оқулықпен оқытады ғой. Олай болса, оқулықтарды дұрыстау керек. Оны құрастыруға академик, профессорларды емес, қарапайым мектеп мұғалімдерін тарту керек. Бұрынғы кітаптардың тозығын алып тастап, озығын қалдырған жөн деп санаймын. Олай болмаған жағдайда «дүбәрә» ұрпақ оқытып шығарамыз. Ал ана тіліне деген құрмет оқулықтан басталатынын қаперден шығармағанымыз жөн.