Ұстаздықпен өрілген тағдыр мен азаматтық отты рух

Ұстаздықпен өрілген тағдыр мен азаматтық отты рух

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» (Ж. Руссо)

Ұстаз… Бұл сөздің тереңінде мейірім мен талап, жауапкершілік пен адалдық, үміт пен сенім қатар өрілген. Әр шәкірттің жүрегінде ұмытылмас із қалдыратын жан – нағыз ұстаз. Ал жоғары оқу орнында ұстаздық ету – адамзат өркениетінің, ұлттық руханияттың және ұрпақ сабақтастығының мәңгілік діңгегі. Әлемнің қай қиырына барсақ та, қоғамдағы ұстаздың рөлі өлшенбес құндылық болып саналады. Қазақстанда да ұстазға деген құрмет ерекше екңнңне соңғы жылдары куә болып жүрмыз, өйткені елдің болашағы – білімді де тәрбиелі жас ұрпақтың қолында. Сол ұрпаққа жол сілтеп, білімнің шамшырағын жағып келе жатқан жандардың бірі – «Шәкәрім университеті» КеАҚ-тың «Өнер» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, тәжірибелі педагог Айтжанова Жанат Наукенқызы.

Оның өмір жолы мен еңбекқорлығы – жас мамандарға үлгі - өнеге. Бүгінгі мақаламызда ұстаздың тұлғалық болмысы, ғылыми-әдістемелік еңбегі мен шәкірттерге жасаған қамқорлығы жайлы кеңінен сөз қозғамақпыз.

Айтжанова Жанат Наукенқызы 1965 жылы 28 қазанда Алматы облысы, Шелек ауданында, Шелек ауылында дүниеге келді. Әсем табиғат аясында өткен балалық шағы оның өнерге деген құштарлығын ерте оятты. Ән мен күйге әуестеніп өскен ол болашақ өмірін өнер мен білімге арнауды армандады.

Өз арманын жүзеге асырып, 1980-жылдардың аяғында Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институтының «Музыкалық білім беру» мамандығына түсіп, 1991 жылы Алматыдағы Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын «Музыка және қосымша педагогика» мамандығы бойынша аяқтап, кәсіби ұстаздық жолын бастайды. Бұл таңдауы – қазақ музыкасы мен педагогикасына адал қызмет етудің алғашқы баспалдағы еді.

Жанат Наукенқызының еңбек жолы – табандылықтың, адалдықтың және шәкіртке деген шексіз махаббаттың айғағы. Шәкірттерінің жетістігі – ұстаздың ең үлкен марапаты десек, артық айтқандық емес.

Ұстаз үшін ең басты байлық – шәкірт. Жанат Наукенқызы осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған. Оның 35 жылға жуық ғылыми-педагогикалық еңбек жолында мыңдаған шәкірт тәрбиеленді. Ол студенттердің дипломдық жұмыстарын, ғылыми жобаларын басқарумен қатар, бірнеше топтың эдвайзері болып, жастардың тәрбие және мәдени шараларға қатысуын қадағалайды. Оның жетекшілігімен өткен кураторлық сағаттар мен ашық іс-шаралар студенттердің өмірлік көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Шәкірттері тек өнер саласында ғана емес, қоғамның түрлі салаларында абыроймен еңбек етіп жүр. Бұл – ұстаз еңбегінің нәтижесі. Студенттердің жүрекжарды алғысы, олардың жеткен жетістігі – ұстаз үшін ең үлкен марапат.

Студенттерінің естелігінен: «Жанат Наукенқызының дәрістері біз үшін тек сабақ емес, өмір сабағы еді. Ол бізді музыка әлеміне ғана емес, руханияттың тереңіне жетеледі».

Ол – тек қана дәріс оқып қоятын ұстаздар қатарына жатпайтын, әрбір студенттің жан дүниесіне үңілетін, ақылшы, қамқоршы, үлгі бола білетін тұлға. Әр сабақ – ол үшін өнер мерекесі, ал әрбір тыңдаушы – болашақтың үміті.  «Музыкалық білім беру» бағдарламасының алғашқы құрастырушыларының бірі және оқу процесін жетілдіруге зор үлес қосқаны – Жанат Наукенқызының еңбегінің өлшемі. Бұл бағдарлама арқылы талай жас музыка мұғалімдері кәсіби жолға түсіп, қазірде табанды еңбек етуде.

Әріптестерінің пікірінен: «Жанат Наукенқызы – жаңашыл педагог. Ол әрқашан жаңа идея ұсынып отыратын маман иесі, студенттердің шығармашылығын оятуға шабыттана кірісе алатын белсенді әріптес».

Жанат Наукенқызы әрдайым өз білімін жетілдіріп отыруға тырысатын білікті де білімді тұлға. 2015 жылы ол педагогика ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежесін алу үшін 13.00.01 – «Жалпы педагогика, педагогика және білім беру тарихы, этнопедагогика» мамандығы бойынша диссертация қорғап шықты. Осылайша, ғылыми ізденістері тек музыка педагогикасы бағытында ғана шектелмей, жалпы этнопедагогикалық дәстүрлерді, ұлттық тәрбиенің ерекшеліктерін терең зерттеуге бағыттады. Оның ғылыми қызығушылықтары: педагогика ғылымы; музыкалық өнер; педагогикалық жобалау; оқу процесінің тиімді әдістемелері. 

Айтжанова Жанат Наукенқызы оқу үдерісімен қатар, қоғамдық өмірдің де бел ортасында жүретін маман. Университет деңгейінде, аймақтық, облыстық деңгейде өтетін түрлі ғылыми-практикалық конференциялар мен мәдени іс-шараларға белсенді қатысып, ұйымдастырушылық қабілеті арқылы талай іс-шараларды жемісті өткізген қызметкер әрі менеджер ретінде әріптестерінің ішінде белгілі.

Жанат Наукенқызының өмір жолы – елге, ұлтқа деген шынайы сүйіспеншіліктің, қайсарлық пен рух биіктігінің айғағы. Оның еңбегі мемлекет пен қоғам тарапынан да еленбей қалған жоқ:

  • Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар;
  • ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы Алғыс хаты;
  • Аймақтық, облыстық деңгейдегі көптеген алғыс хаттар.

Бұл марапаттар – Жанат Наукенқызының білім саласындағы қажырлы еңбегінің, адалдығы мен жауапкершілігінің нәтижесі. Сонымен қатар оның ерлікке пара-пар азаматтық ұстанымы, Желтоқсан көтерілісіндегі батырлығы туралы көпшіліктің бірі білсе, бірі біле бермейді. Ол – тарих бетінде қалған, дегенімен бүгінге дейін өз бағасын толық ала қоймаған Желтоқсан құрбандарының бірі.

Жазушы Тоқтар Бейісқұловтың «Желтоқсан ызғары» атты деректі кітабында жарияланған тізімде Жанат Наукенқызының есімі де құрметпен аталады. Автор өз еңбегінде: «Қазақ ССР-ында 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары кезіндегі қылмыстық істері үшін сотталғандарға қолданылған шаралар» туралы деректерді ұсынып, сол кездегі батыр арулардың есімдерін қайта жаңғыртады. Жанат Наукенқызы – осы тізімдегі «ел мен ердің намысын ту еткен қызғалдақтай жас арулардың» бірі.

Оның өмірі – жастарға өнеге. Ол – тек ұстаз ғана емес, еркіндік пен әділет үшін күрескен азамат. Желтоқсанның ызғарына тоңса да, жүрегінде үміт отын сөндірмеген рухты қайраткер. Мұндай тұлғаларды ұрпақ ұмытпауға тиіс.

Сөйтіп, 20 жас арудың ішінде 1 жыл 6 айға жазықсыз жаламен сотталып, түрмеге қамалған қаһармандардың бірі ретінде бас бостандығынан айрылады. Қазақ халқының намысы мен ар-ожданы сынға түскен сол бір ызғарлы күндерде алаңда болғандардың барлығы бірдей батыр дер едім. Бірақ олардың тағдыры әртүрлі қалыптасты. Кейбірі оқуынан қуылып, кейбірі жұмыстан шеттетілсе, енді бірі жазықсыз түрмеге тоғытылды. Алайда бұл қиындықтар Жанат Наукенқызын сындыра алмады. Керісінше, шыңдады. Темірдей төзімділік пен қазақ қыздарына тән сабырлылық тек өмірдің емес, тағдырдың мектебінен өткізді. Оның өмірі – қатардағы адамның тағдыры ретінде қалыптаспай, ел тарихының бір үзігі, жүрегіндегі от – тәуелсіздік үшін тұтанған алау деп айтуға әбден болады.

Жанат Наукенқызы бүгінде – ел ардақтайтын ұстаз, қоғамдық белсенді, тәуелсіздіктің тірі куәгері. Жазадан кейін де ол өмірден түңілмеді. Адамға деген сенімін жоғалтпады. Тағдыр тәлкегіне мойымай, білім мен тәрбие саласына бар күшін арнады. Ұстаздық жолында талай шәкіртке бағыт-бағдар беріп, адамгершілік пен отаншылдықтың нағыз үлгісін көрсетті.

Бүгінде "Абай облысы Желтоқсан -86" қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі.

Студентінің пікірі: «Жанат апайдың қасында жүргенде, біз өзімізге сенімді болдық. Ол әрдайым дұрыс бағыт көрсетіп, қолдау білдіреді, жігерлендіреді».

Қиындыққа толы жастық шағына қарамастан, Жанат Наукенқызы тағдырын қайтадан өзі қалаған арнаға бұра білген жан. Ең алдымен ана жүрегінің жемісі, отбасының ардақты қызы. Өмір жолының бастауында-ақ ата-анасының үмітін ақтап, білімге құштар, еңбекқор, ізетті қыз болып өскені айтпасада түсінікті. Анасы үшін ол – тіреу, сенім, қуаныш. Отбасының әр ісіне белсене араласып, ерте есейген қыздың бойынан табандылық пен тәртіп осы күнге дейін айқын аңғарылады.

Жолдасы Балдыкеннің сенімді серігі, өмірлік сүйеніші. Екеуінің арасында қалыптасқан сыйластық пен түсіністік, кез келген жанұяға үлгі боларлықтай. Жанат Наукенқызы жарына тек жар ғана емес, дос, ақылшы, өмірдің талай белесін бірге бағындырған адал жар. Олар Рымжан мен Бекжанның мейірімді ата-анасы. Балаларының әр қадамына қуанып, әр жетістігіне марқайып отыратын отбасы. Бірақ тек қуанып қана қоймай бағыт -бағдар беретін, ақыл мен дұрыс жолды көрсете алатын сабырлы отбасы. Ана ретінде ол балаларына тек өмірлік тәжірибесімен емес, өз басынан өткен күрделі тарихи сәттермен де үлгі бола біледі. Ерлік пен төзімділік, адалдық пен ар-намыс ұғымдарын балаларына үйрете алған мейірімді ана.

Сонымен қатар бүгінгі күні немересінің тәтті күлкісінен өмірдің жаңа мағынасы мен шуағын табатын абзал әже. Әже ретінде оның әр сөзі – ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлес.

Жанат Наукенқызы – тарихта аты қалған батыр қыз, әр күнін сабырмен, әр сәтін махаббатпен өткізген дана тұлға деп білеміз. Анасының сүйіспеншілігіне бөленген, жардың құрметіне лайық болған, баланың мейірін тапқан, немеренің жүрегінен орын алған асыл жан. Отбасының барлық мүшесі үшін ол – рухы биік, жүрегі кең, сабырлы да мінезі жарасқан сымбатты әйел.

Адамның шын мәніндегі байлығы – адал досы мен шынайы сыйластығы десек, бұл сөз Жанат Наукенқызына арнап айтылғандай. Өйткені ол – тек отбасының ғана емес, айналасындағы барлық адамға – әсіресе құрбы-құрдастарына мейіріммен қарайтын, жақыныңның жанын ұғатын жанашыр адам. Оны ұзақ жылдан бері білетін жандар оның адамдық болмысын, достыққа деген көзқарасын ерекше бағалайды. Ол ешқашан екіжүзділікке, риясыз қарым-қатынасқа жол берген емес. Құрбысына сырын сеніп айтқан адам оны өмір бойы жүрегінде сақтайтынын біледі. Себебі ол – досының қуанышына шын жүректен қуанып, мұңын жүрегімен сезіне алатын шынайы дос.

Қиын шақта үнсіз жаныңнан табылып, еш дабырасыз-ақ демеу болатын, сәті келгенде бір ауыз сөзімен жаныңды жұбататын жанашыр құрбы. Құрбылары оны «қасымда болса, арқам тыныш» деп бағалайды. Себебі ол сөзіне берік, уәдесіне адал, ешкімнің алдында артық сөйлемейтін, бірақ шындықты айтар сәтте тайсалмайтын тік мінезді адам ретінде жақсы біледі.

Жанат Наукенқызы үшін достық – өткінші сезім емес, өмірлік құндылық. Ол үшін бірге өткізген жылдар, ортақ естеліктер, бір-біріне көрсеткен қолдау мен сенім – бәрі де жүрекке жазылып қалған шынайы тарих. Ол осы достықты сақтап қалу үшін барынша жанын салып, құрбыларының қуанышына ортақтасып, қайғысында қабырғасы қайысқан құрбы, замандас. Сондықтан да болар, құрбылары оны әрдайым ерекше ықыласпен, жүрек жылуымен еске алады. 

Жанат Наукенқызы – өмірдің талай белесін бірге өткерген, замандастарын қадірлей білетін, сыр бөліссең – сыр сақтайтын, шын қуанып, шын ренжи алатын, достыққа адал, жанашыр жүректі әйел. Осындай адамдар – өмірдің ең үлкен бақыты.

Биылғы жыл Айтжанова Жанат Наукенқызы үшін тағы да бір үлкен белестің, мерейлі жастың жылы болғалы тұр – өзінің саналы ғұмырын педагогика мен өнерге арнаған жан үшін ұстаздық мамандығы: табандылық пен адалдықтың, ғылым мен өнерге деген шексіз махаббаттың үлгісі деп білеміз. 

«Ұстаз – ұрпақтың рухани сәулетшісі» деген қанатты сөз бар. Айтжанова Жанат Наукенқызы – осы сөздің нақты бейнесі. Бүгінде шәкірттері елдің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүр. Бұл – оның еңбегінің жемісі, ғұмырының мәні.

«Шәкәрім университеті» КеАҚ, «Өнер» кафедрасының аға оқытушысы, Педагогика ғылымдарының кандидаты Бодауова Бақтыгүл Қабидоллақызы


#Семей, #Абай облысы, #мұғалім, #Желтоқсан көтерілісі