Жоғары білім министрі ҰБТ-да 1 балл жинаған түлекке қатысты пікір айтты
Министрдің айтуынша, бұл талапкер екі рет ҰБТ тапсырған. Біріншісінде 94 ұпай жинаса, екінші әрекетінде ол тестілеу орталығында тура 4 минут отырып, шығып кеткен.
«Бұл оның алдын ала жоспарлаған әрекеті, акциясы болса керек. Биылғы 188 мың мектеп түлегі ҰБТ-ны жоғары білім алу мүмкіндігі мен қаржыландырудың негізгі құралы деп санап, бақ сынады. Менің ойымша, бұл жағдай – бір адамның өзін соншалықты стандартты емес адам екенін көрсетуге тырысқан акциясы. Осы іс-қимылды басқаларға үлгі боларлық деп санамаймын. Өйткені мыңдаған азамат өмірдегі жоспарларын жүзеге асыру үшін мемлекеттен грант пен мүмкіндік алып, жоғары білім алуға талпынып жатыр», - деді С.Нұрбек Үкімет отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Еске салсақ, жақында ҰБТ-дан 1 балл жинаған Ерасыл Уәлиев Түркияның 10 университетінен шақырту алған.
#Абай облысы, #Білім, #гранттар, #білім беру