Денсаулық 52 қаралымabaidan.kz

Абай облысында вакцинация жұмыстары күшейтілуде

Абай облысында вакцинация жұмыстары күшейтілуде

Абай облысында тұрғындарды жұқпалы аурулардан қорғау мақсатында профилактикалық вакцинация жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2026 жылдың алғашқы 10 айында өңірде 171 мыңнан астам екпе жасалған. Ал жыл сайын облыс бойынша 220 мыңнан астам профилактикалық вакцина салынады. Оның 119 мыңнан астамы балаларға тиесілі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева мәлімдеді.

Брифинг барысында мамандар вакцинацияның маңызы, балаларды жоспарлы иммундау және жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелерін талқылады.

Айгүл Тоқтабаеваның айтуынша, вакцинация – инфекциялық аурулардың таралуына тосқауыл қоюдың және халық денсаулығын қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі. Екпеден бас тарту ұжымдық иммунитеттің әлсіреуіне, сондай-ақ бұрын бақылауға алынған аурулардың қайта таралуына себеп болуы мүмкін.

Семей қаласындағы №4 емхананың дәрігер-педиатры Әсем Шалабаева балаларға екпені жас ерекшеліктеріне сәйкес уақытылы салудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстанның Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес, 21 жұқпалы ауруға қарсы вакцинация тегін жүргізіледі. Нәрестелерге өмірінің алғашқы күндерінен бастап туберкулез бен В вирустық гепатитіне қарсы екпе салынады. Кейін жас ерекшеліктеріне қарай көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, қызылша және өзге де инфекцияларға қарсы иммундау жүргізіледі.

Сондай-ақ 11 жастағы қыз балаларға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина салынады. Бұл екпе болашақта жатыр мойны обырының даму қаупін төмендетуге бағытталған.

Өңірдің штаттан тыс бас инфекционисті Имдат Эфендиев те вакцинацияның инфекциялық аурулардың алдын алудағы рөліне тоқталды. Оның сөзінше, екпе алмаған адамдарда аурудың ауыр өтуі мен түрлі асқынулардың пайда болу қаупі жоғары. Әсіресе балалар, егде жастағы азаматтар және иммунитеті әлсіз адамдар инфекцияларға осал келеді.

Мамандардың алаңдаушылығына негіз бар. Биыл Абай облысында төрт жасқа дейінгі вакцина алмаған балалар арасында көкжөтелдің 5 жағдайы тіркелген. Бұдан бөлек, профилактикалық екпе алмаған адамдар арасында А вирустық гепатитінің 30 жағдайы анықталған.

Осыған байланысты медицина қызметкерлері тұрғындарды екпе күнтізбесін сақтауға, вакцинацияны уақытылы алуға және балалардың жоспарлы иммундауын кейінге қалдырмауға шақырады.

Профилактикалық екпелер туралы толық ақпаратты учаскелік дәрігерден немесе egu.kz сайтынан алуға болады.