Конституция 72 қаралымabaidan.kz

Құқық қорғау тетіктері – әділ қоғамның басты кепілі

Құқық қорғау тетіктері – әділ қоғамның басты кепілі

Қазақстанның жаңа Конституциясында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әділ сот жүйесін қалыптастыру мәселелеріне ерекше мән берілген. Осы бағыттағы маңызды нормалар Ата Заңның VIII бөлімінде – «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» тарауында көрініс тапқан. Аталған бөлім 76–86-баптарды қамтып, мемлекеттің құқықтық жүйесінің негізгі қағидаттарын айқындайды.

Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот жүзеге асырады. Сот билігінің басты міндеті – азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Бұл ретте сот шешімдерінің ел аумағында міндетті күші бар. Ал сот жүйесінде арнайы және төтенше соттар құруға жол берілмейді. Мұндай талаптар сот төрелігінің бірыңғай құқықтық тәртіп негізінде жүзеге асуына бағытталған.

Жаңа Конституцияда судьялардың тәуелсіздігіне де айрықша кепілдік берілген. Судья сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тек Конституция мен заңға бағынады. Оның қызметіне араласуға тыйым салынады. Сонымен қатар кінәсіздік презумпциясы, адамның өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті еместігі, заңсыз алынған дәлелдемелерді пайдалануға жол бермеу және айыпталушыға қатысты күмәнді оның пайдасына түсіндіру сияқты маңызды құқықтық қағидаттар бекітілген. Бұл нормалар әр азаматтың әділ сот талқылауына қатысуына және өз құқығын заң аясында қорғауына негіз болады.

Конституцияның тағы бір маңызды нормасы – соттың адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен нормативтік актілерді қолдануына шектеу қою. Егер сот қаралып жатқан іске қатысты құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігіне күмән келтірсе, Конституциялық Сотқа жүгінуге міндетті. Бұл Ата Заңның жоғары заңдық күшін қамтамасыз етіп, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың қосымша тетігін қалыптастырады.

Бөлімде прокуратураның да конституциялық мәртебесі айқындалған. Прокуратура мемлекет атынан заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау жүргізеді, сотта мемлекет мүддесін білдіреді және қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Ол бірыңғай орталықтандырылған жүйе ретінде жұмыс істейді. Бас прокурорды Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды, ал оның өкілеттік мерзімі алты жылды құрайды.

Азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының орны да ерекше. Конституцияда оның адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу міндеті бекітілген. Уәкіл өз қызметін тәуелсіз жүзеге асырады. Бұл институт азаматтардың құқықтарының сақталуына қоғамдық және институционалдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге Конституцияда адвокатураның мәртебесі белгіленіп, оның азаматтардың сот арқылы қорғалу және заң көмегін алу құқықтарын қамтамасыз етуге қатысатыны көрсетілген. Өйткені адамның өз құқығын білуі ғана емес, оны кәсіби заң көмегі арқылы қорғай алуы да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, адвокатура сот төрелігінің қолжетімді әрі әділ болуына ықпал ететін маңызды институт саналады.

Жалпы, Конституцияның VIII бөлімі сот билігі, прокуратура, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және адвокатура арасындағы құқықтық тетіктерді айқындай отырып, азаматтардың заңды мүдделерін қорғаудың институционалдық негізін қалыптастырады. Алайда кез келген конституциялық норманың шынайы құндылығы оның іс жүзінде орындалуымен өлшенеді. Сондықтан бұл бөлімнің басты мәні – заң алдында баршаға тең мүмкіндік қалыптастыру, сот төрелігінің әділдігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын нақты қорғау. Бұл – құқықтық мемлекет пен әділетті қоғам құру жолындағы маңызды шарт.