Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның «Handelsblatt» іскерлік басылымына жарияланған мақаласында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа бағыттарын айқындап, экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ұсыныс білдірді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Германия отыз жылдан астам уақыт ішінде өзара сенімге негізделген берік серіктестік қалыптастырған. Саяси диалогтың тұрақтылығы, уағдаластықтардың жүйелі орындалуы және нақты нәтижеге бағытталған жұмыс екіжақты қатынастардың маңызды ерекшелігіне айналған.
Президент Германияны Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі әрі ірі инвесторы ретінде атап өтті. Сонымен қатар екі елдің экономикалық мүдделері үндесіп, халықаралық құқық қағидаттарын ұстануы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстардың екіжақты күн тәртібімен шектелмейтінін атап өтті. Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын маңызды буын ретінде Еуразия кеңістігіндегі экономикалық тұрақтылықты, энергетикалық қауіпсіздікті және көлік байланыстарын нығайтуға үлес қосып келеді.
Экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті де жоғары. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 9 миллиард долларға жуықтап, Қазақстанда Германия капиталының қатысуымен мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеді.
Президент Қазақстан экспортының құрылымын әртараптандыруға және қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік мол екенін жеткізді. Қазақстан Германия нарығына 80-нен астам дайын өнім түрін жеткізе алады. Әсіресе металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі және теміржол машина жасау салаларында бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік бар.
Мақалада стратегиялық маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берілген. Қазақстан Еуропа экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді. Осы әлеуетті пайдалана отырып, Қазақстан Германиямен бірге қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндірістік тізбектер қалыптастыруды ұсынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға сапарын екі елдің стратегиялық серіктестігінің жаңа кезеңін бастауға, жаңа өсім бағыттарын айқындауға және бірлескен жобаларға тың серпін беруге мүмкіндік беретін маңызды қадам ретінде бағалады.




