Абай облысында АПВ-ға қарсы вакцинациялау жүргізілуде
Адам папилломасы вирусына қарсы иммундау Абай облысында қарқынды жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Ұлттық екпелер күнтізбесіне АПВ-ға қарсы вакцинацияны енгізу – еліміздің болашақ ұрпағының денсаулығын сақтаудағы маңызды қадам.
2023 жылдан бастап облыс аумағында 11 жастағы қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялау бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте санитарлық эпидемиологиялық бақылау Департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева баяндады.
- Жатыр мойны обыры 25-44 жас аралығындағы әйелдер арасында өлімнің екінші себебі. АПВ-ға қарсы вакцинация қауіпті ісіктердің алдын алып, әйелдердің денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады,– деп атап өтті спикер.
Қыркүйек айының ортасында 11 жастағы қыздарды вакцинациялау басталды. Вакцинация тек ата-аналардың келісімімен және дәрігердің тексеруінен кейін ғана жүзеге асырылады. Облыс көлемінде 317 мектепте егу кабинеттері дайындалып, екпе жұмыстары жүргізілуде. АПВ-ға қарсы вакцинаның бірінші бөлігі қыркүйекте жеткізілді. Қараша айында қосымша 4762 доза күтілуде.
- Бүгінгі күні 1230 қыз балаға вакцина егілді, оның 915-і – 11 жастағы, 315-і – 12-13 жастағы балалар,– деп толықтырды Айгүл Тоқтабаева.
Брифингте балалар гинекологы Гүлшат Оралтаева АПВ инфекциясының жыныстық жолмен таралып және халықтың 70-80%-ы өмір бойы осы вирусты жұқтыратынын айтты.
- Инфекция көбінесе симптомсыз өтеді, сондықтан оның алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация, - деп атап өтті Гүлшат Оралтаева.