Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Денсаулық 50 қаралымabaidan.kz

Абай облысында жыл басынан бері қызылшаға қарсы 7400 балаға екпе салынды

Абай облысында жыл басынан бері қызылшаға қарсы 7400 балаға екпе салынды

Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында Абай облысында 7400 бала қызылшаға қарсы вакцина алды. Дәрігерлер мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары вакцинация қауіпті жұқпалы аурулардан қорғанудың ең тиімді жолы екенін атап өтті. Алайда екпеден бас тартатындардың саны әлі де жоғары болып отыр.

Халықты жоспарлы иммундау жұмыстарының барысы, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал және профилактикалық екпелердің маңыздылығы туралы мамандар Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте баяндады. Олардың айтуынша, уақытылы жүргізілген вакцинация қауіпті жұқпалы аурулардың таралуының алдын алып, тек жеке адамды ғана емес, тұтас қоғамды қорғауға мүмкіндік береді.

Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева биыл өңірде қызылшаға қарсы 7400 балаға екпе салынғанын айтты.

– Қазақстан Республикасында жоспарлы иммундау бағдарламасы жыл сайын жетілдіріліп, кеңейтіліп келеді. Қазіргі таңда бағдарлама аясында балалар, жасөспірімдер және ересектер 21 инфекцияға қарсы вакцина алады. Ұлттық иммундау бағдарламасы шеңберінде облыста жыл сайын 150 мыңнан астам адам профилактикалық екпемен қамтылады. Биылғы жылдың алғашқы алты айында 6 жасқа дейінгі 7400 бала қызылшаға қарсы егілді. Сонымен қатар көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге қарсы жоспарлы вакцинациямен 6297 бала қамтылды. Вакцина алғандар арасында иммундаудан кейінгі жағымсыз әсерлер тіркелген жоқ, – деді Айгүл Тоқтабаева.

Спикердің айтуынша, кейбір ата-аналар әлі де балаларын вакцинациялаудан бас тартып келеді. Мұндай жағдайда баланың қауіпті ауруларға қарсы иммунитеті қалыптаспай, оның салдары ауыр болуы мүмкін.

– Тек биылғы жылдың алғашқы алты айында 1503 ата-ана балаларын вакцинациялаудан бас тартты. Бұл қызылша мен көкжөтелге қатысты қазіргі эпидемиологиялық жағдайға әсер етуде. Қазақстанда халықты иммундау үшін мемлекеттік тіркеуден өткен, сапасы қатаң бақылаудан өткізілген және қауіпсіздігі мен тиімділігі халықаралық сертификаттармен расталған вакциналар қолданылады. Мемлекеттік тіркеу – бірнеше кезеңнен тұратын күрделі процесс. Сонымен қатар вакциналардың сапасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген Республикалық иммунобиологиялық зертханада зертханалық бақылаудан өтеді. Вакцинация балалар арасындағы аурушаңдық пен өлім-жітім қаупін төмендетуде маңызды рөл атқарады. Қызылшаның таралуын тоқтату үшін халықтың кемінде 95 пайызы вакцина алуы қажет, – деді Айгүл Тоқтабаева.

Абай облысының штаттан тыс бас инфекционисі Имдат Эфендиев вакцинацияның арқасында көптеген қауіпті аурулардың өршуіне жол берілмегенін айтты.

– Полиомиелит адамды өмір бойына мүгедек етуі мүмкін. Оған қарсы вакцина толықтай қауіпсіз. Ол инактивтелген, яғни ауру тудырмайды, бірақ ағзада иммунитет қалыптастырады. Көршілес елдерде бұл қауіпті аурудың өршу жағдайлары тіркелген. Сонымен қатар нәрестелер өмірінің 3–4-күні В гепатитіне қарсы егіледі. Бұл вакцина гендік инженерия әдісімен әзірленген. Оны алған адам В гепатитін жұқтырмайды, – деді Имдат Эфендиев.

Вакцинация сондай-ақ көкжөтелден, А гепатитінен және адам папилломасы вирусынан (HPV) қорғайды. Имдат Эфендиев екпеден бас тартудың қауіпті екенін тағы бір мәрте еске салды.

– Назарларыңызды аударамын: вакцина салдыру – өте маңызды. Екпеден кейін баланың дене қызуы аздап көтерілуі немесе ине салынған жері ауырсынуы мүмкін. Бірақ мұндай уақытша белгілер басылып, ағзада иммунитет қалыптасады. Соның арқасында бала ауырмай, дені сау болып өседі. Бұл әрбір отбасы мен тұтас қоғам үшін аса маңызды. Сондай-ақ қызамыққа қарсы вакцинацияның маңызы зор. Бұл ауру жүкті әйелдер үшін өте қауіпті. Егер жүкті әйел қызамықпен ауырса, сәби түрлі туа біткен даму кемістіктерімен дүниеге келуі мүмкін. Сондықтан бұл аурудан қорғанудың ең тиімді жолы – вакцинация, – деді Имдат Эфендиев.