Қоғам 45 қаралымabaidan.kz

Жарма ауданында жол, су және әлеуметтік нысандар жаңартылуда

Жарма ауданында жол, су және әлеуметтік нысандар жаңартылуда

Абай облысының Жарма ауданында жолдарды жөндеу, ауыз су жүйелерін жаңарту, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылдың 9 айында аудан экономикасының салаларында 725 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, жұмыстар атқарылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жарма ауданының әкімі Берік Терлікбаев хабарлады.

Аудан экономикасының негізгі бағыты – өнеркәсіп. Оның экономикадағы үлесі 83,1 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Биыл ет пен сүт өндірісі артып, игерілген егістік алқабы өткен жылмен салыстырғанда 8,7 мың гектарға ұлғайды.

Жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы 27 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл пайдаланылмай жатқан 50 мың гектардан астам аумақты қамтитын 15 жер учаскесі тексеруге жолданды.

Ауданда елді мекендерді ауыз сумен қамту және қолданыстағы желілерді жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жаңғызтөбе кентінде, Қалбатау мен Үшбиік ауылдарында су құбырларын қайта жаңарту жүргізіліп жатыр. Жіңішке ауылында да ауыз су жүйесін жөндеу қолға алынған.

— Жаңғызтөбе кентіндегі су құбырларын жаңарту жұмыстары 99 пайызға орындалды. Қалбатау мен Үшбиік ауылдарында да құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар Шар қаласындағы сорғы станциясы жөнделіп, Жіңішке ауылындағы ауыз су жүйесі жаңартылып жатыр, – деді Берік Терлікбаев.

Жол инфрақұрылымын жақсарту аясында Шар қаласындағы жалпы ұзындығы 7,1 шақырым болатын бес көшеде орташа жөндеу жүргізілуде. Сарыарқа ауылындағы 1,3 шақырым көше жолы да жөнделді. Ал Үшбиік ауылында Ащысу өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

— Шар қаласындағы бес көшеде орташа жөндеу жұмыстары қолға алынды. Сарыарқа ауылындағы көше жолы жөнделді. Сонымен қатар тұрғындар көп жылдан бері көтеріп келе жатқан Үшбиік ауылындағы Ащысу өзені арқылы өтетін көпір мәселесін шешу бағытында құрылыс жұмыстары жүргізілуде, – деп атап өтті аудан әкімі.

Ауданда абаттандыру және қауіпсіздік шаралары да жүзеге асырылуда. Шар қаласындағы Тәуелсіздік көшесінің бойындағы аллея жаңартылып, бірнеше елді мекенде балалар ойын және шағын футбол алаңдары орнатылды. Сегіз елді мекенде көше жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, екі өрт сөндіру бекеті жөнделіп, пайдалануға берілді. Кіші Қарасу ауылында жаңа өрт сөндіру бекетінің құрылысы жалғасуда.

Білім беру саласында Суықбұлақ кентіне қарасты Новотаубинка ауылындағы 100 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Нысанды қараша айында пайдалануға беру жоспарланған. Шалабай ауылындағы мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуде.

Денсаулық сақтау саласында Шар қалалық ауруханасының жылыту жүйесі жаңартылды. Жарма аудандық ауруханасы мен перзентхана бөлімшесінде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытында есепті кезеңде 1 051 адам тұрақты және уақытша жұмысқа орналастырылды. Жылдық жоспар 90 пайызға орындалды.

Ауылға қоныс аударушыларды қолдау мақсатында «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында ауданның 14 округіне 52 отбасы, яғни 190 адам қоныс аударған. Олардың 95-і – кәмелетке толмаған балалар.

— Қоныс аударған отбасылардың жол шығындары өтеліп, баспанамен қамтамасыз етілді. Бірқатар отбасына мал беріліп, жұмыспен қамту мәселелері де шешімін тапты. Қазіргі уақытта жоба аясында қоныс аударған тұрғындардың ауылдық жерлерге бейімделуіне және еңбекпен қамтылуына қолдау көрсетілуде, – деді Берік Терлікбаев.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан аумағында сенбіліктер ұйымдастырылып, 7 мың тоннадан астам тұрмыстық және өзге де қатты қалдық жиналып, тиісті полигондарға шығарылды. Биыл 6 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі уақытта 19 ауылдық округте 5 400 түп көшет отырғызылды.