Денсаулық сақтау жүйесінің 2024 жылғы жұмысы қорытындыланды
Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысы өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Сүлейменов қатысты. Кездесуде өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің 2024 жылғы жұмысы қорытындыланып, 2025 жылға арналған жоспарлар талқыланды.

Мәселен, өткен жылы денсаулық сақтау индикаторларының орындалуына талдау жасалды. Өңірде денсаулық сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілді, медициналық қызметтердің сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылданды.
Отырысқа қатысушылар ауылдық денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударды. Денсаулық сақтау нысандарының ескіруі және ауылдық жерлерде медициналық кадрлардың жетіспеушілігі мәселелері де көтерілді. Ұсынылған шешімдердің қатарында жаңа медициналық мекемелер салу және емделушілер үшін жатын орны қорын жақсарту бар.

Отырыс барысында медицина саласындағы ашықтық пен қауіпсіздікті арттыруға бағытталған шаралар айтылды.
«Қазақстанда дәрілік заттарды міндетті таңбалау және қадағалау енгізілді. Бұл жаңалық жалған және контрафактілік өнімдермен күресуге, сондай-ақ дәрі-дәрмек айналымының заңдылығын бақылауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, 2024 жылдың қазан айынан бастап облыста «Әлеуметтік әмиян» жобасын іске асыру басталды. Ол халық үшін дәрі — дәрмектердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді және оларды іске асырудың заңсыз схемаларын болдырмайды», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Сүлейменов.
Соңында өңірде медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған ұсыныстар қабылданды.