Қарағайлы ықшам ауданында екі жаңа аурухана бой көтереді.
Қарағайлы ықшам ауданында екі жаңа аурухана бой көтереді. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өткізген брифингте айтылды,-деп хабарлайды
abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш екі нысан - заманауи емхана мен нефрологиялық орталық. Мекемелер семейліктердің ауыр сырқаттан кейін денсаулығын оңалтуға жәрдемдесетін болады.
"VIAMEDIS" ЖШС компаниясының құрылтайшысы Михаил Копцев Қарағайлы шағын ауданында емхана мен нефрологиялық орталықтың құрылысы жалғасып жатқанын атап өтті.
- Біздің компания аталмыш инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Қазіргі таңда емхана мен нефрологиялық орталықтың құрылысы басталды. Емхананың жалпы ауданы – 8 мың шаршы, нефрологиялық орталық – 5 мың шаршыны құрайды. Мекеме азаматтарға қарапайым кеңес беруден бастап операцияға дейін толық көмек көрсетеді. Орталық мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашылады. Барлық қызметтер МӘМС пакеттері шеңберінде тегін ұсынылатын болады, - деді Михаил Копцев.
Сонымен қатар, жаңа емхана жүрек-қан тамыр аурулары бар науқастарды оңалтуда қосымша көмек болады.
- 2024 жылы құрылыс жұмыстары аяқталады. Біз осындай жобаны Ақмола облысында жүзеге асырған болатынбыз. Емхананың тұжырымдамасына сәкес, аймақтық бөлінуі бар төрт қабатты ғимараттан тұрады. Амбулаториялық оңалту аймағына назар аудара кетсек. Ондағы бірінші және екінші қабаттар толығымен емханалық қызметтер атқарады. Шағын ауданда оңалту орталығы бар екенін есепке ала отырып, біздің бағыт – инсульт пен инфаркттың екінші және үшінші кезеңдерін емдеуді қамтиды, - деп қорытындылады Михаил Копцев.