Семейдегі №7 емхана қызмет көлемін кеңейтіп келеді
Семей қаласындағы №7 емхана 34 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетіп, диагностикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді.
Медициналық мекемеде 10-нан астам бөлімше жұмыс істейді. Қабылдау 30 бағыт бойынша жүргізіледі. Емхананың жоспарлы қуаттылығы бір ауысымда 430 адамды құраса, іс жүзінде күніне 800-ден астам науқас қабылданады.
– Қазіргі таңда емханаға тіркелген халық саны 34 мыңнан асады. Бізде консультативтік-диагностикалық бөлімдер мен учаскелік қызмет жұмыс істейді, – деді емхана директоры Райхан Ахметқалиева.
Емханада күндізгі стационар, оңалту бөлімі, УДЗ, МРТ және КТ аппараттарымен жабдықталған сәулелік диагностика бөлімі, сондай-ақ функционалдық диагностика қызметі бар.
Сонымен қатар тұрғындарға жылжымалы медициналық кешендер арқылы көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған.
– Барлық пациент бірнеше ағымға бөлінеді. Шұғыл көмек қажет болған жағдайда бірінші қабаттағы жедел бөлімде қызмет көрсетіледі. Қажет болса, жедел жәрдем шақырылады. Кешкі сағат 20:00-ге дейін мобильді бригадалар жұмыс істейді. Сондай-ақ пациенттерді қолдау кабинеті бар, – деді емхана басшысы.
Емхана материалдық-техникалық базасын да күшейтіп келеді. 2025 жылы 150 млн теңгеге жаңа медициналық жабдықтар сатып алынған. Оның ішінде гастроскоптар, УДЗ аппараттары және холтерлер бар.
Қазіргі таңда емханада консультативтік-диагностикалық көмек көрсетуге қажетті құрал-жабдық толық жеткілікті.
#Денсаулық, #Абай облысы, #Денсаулық сақтау