Аягөз ауданында медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында тағы бір маңызды қадам жасалды. Аягөз аудандық көпсалалы орталық ауруханасының жанынан заманауи магниттік-резонанстық томография бөлімі салынып, жаңа медициналық құрал-жабдық орнатылды. Нысанның жұмысымен облыс әкімі Берік Уәли танысты.

Аймақ басшысына магниттік-резонанстық томография аппаратын орналастыруға арналған жапсарлас ғимарат пен заманауи медициналық құрылғы таныстырылды. Маңызды жоба арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысанды пайдалануға беру актісін тіркеу рәсімдері жүргізілуде.
Жаңа бөлімнің іске қосылуы Аягөз ауданының ғана емес, маңайдағы елді мекендер тұрғындарының да медициналық тексеруден өту мүмкіндігін кеңейтеді. Бұған дейін жоғары технологиялық МРТ зерттеуінен өту үшін облыс орталығына баруға тура келсе, енді қажетті қызметті жергілікті жерден алуға мүмкіндік туады. Мұнда Аягөз тұрғындарымен қатар Үржар, Мақаншы және Ақсуат аудандарының, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерінен келген азаматтарға да медициналық қызмет көрсету көзделген.

Аягөз ауданының өзінде жыл сайын шамамен 1500 адам МРТ зерттеуіне жүгінеді. Сондықтан жаңа бөлімнің ашылуы тұрғындар үшін уақыт пен қаражатты үнемдеп қана қоймай, ауруларды ерте анықтап, дер кезінде ем қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды медициналық инфрақұрылымның бір бөлігіне айналмақ.
«Мұндай бөлім облыстағы аудандардың ішінде алғаш рет Аягөз ауданында ашылып отыр. Мамыр айынан бері 70-тен астам адам МРТ-ға түскен екен. Енді бірнеше ауданның халқы қалаға бармай-ақ осы жерге келетін болады. Ең бастысы, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілуі керек», – деді облыс әкімі Берік Уәли.
Жаңа нысанның ашылуын аурухана ұжымы да қуанышпен қабылдады. Ұзақ жылдар бойы медицина саласында еңбек етіп келе жатқан дәрігерлердің айтуынша, аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасы соңғы жылдары айтарлықтай жаңарған.

«Мен осы ауруханадағы жасы ең үлкен дәрігермін. Еңбек өтілім – қырық алты жыл. Біз еңбек ете бастаған кез бен қазіргі аурухананың айырмасы жер мен көктей. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, қазір инсульт желісі, кардиологиялық орталық, әйелдерге қызмет көрсету бөлімі, сондай-ақ былтыр 10 орындық реанимация бөлімі ашылды. Енді міне, МРТ бөлімі ашылып отыр. Аудандық аурухана үшін бұл үлкен жетістік. Осының барлығы көңілге қуаныш ұялатады», – дейді Аягөз аудандық ауруханасының сарапшы-дәрігері Роза Маңғызбаева.
Шынында да, соңғы жылдары Аягөздегі денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылды. Былтыр «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында аудандық аурухана жанынан 10 төсектік реанимация бөлімі ашылған болатын. Бұған дейін инсульт желісі, кардиологиялық орталық және әйелдерге қызмет көрсету бөлімі іске қосылған.




МРТ бөлімінің ашылуы осы жұмыстардың заңды жалғасы іспетті. Заманауи диагностикалық технологиялардың аудандық деңгейге жетуі шалғай елді мекендер тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады. Ең бастысы, жаңа мүмкіндіктер тұрғындардың уақытылы тексеріліп, нақты диагноз алып, қажетті емді дер кезінде бастауына қызмет етпек.





