Денсаулық 95 қаралымabaidan.kz

Абай облысында балалардың тамақтану сапасын арттыру шаралары жүргізілуде

Абай облысында балалардың тамақтану сапасын арттыру шаралары жүргізілуде

Абай облысында білім беру ұйымдарында балаларды сапалы, қауіпсіз және теңгерімді тамақпен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Дұрыс тамақтану баланың қалыпты өсуі мен дамуына, иммунитетінің қалыптасуына және жалпы денсаулығына тікелей әсер етеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы РММ басшысының орынбасары Әділ Қалдыбатыр және аталған басқарманың бас маманы Алтын Карибжанова мәлімдеді.

- Білім беру ұйымдарында балалардың тамақтануын ұйымдастыру кезінде тағамның қауіпсіздігімен қатар, оның сапасы мен баланың жас ерекшелігіне сәйкес теңгерімді болуына назар аудару қажет. Санитариялық талаптар өнімдерді қабылдау, сақтау, өңдеу және дайын тағамның сапасын бақылауды қамтиды, – деді  Әділ Қалдыбатыр.

Балалардың тамақтануы № ҚР ДСМ-16 және № ҚР ДСМ-59 бұйрықтарымен бекітілген санитариялық қағидаларға сәйкес ұйымдастырылады. Талаптар тамақтан улану мен инфекциялық аурулардың алдын алуға бағытталған.

2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастырудың жаңа стандарты енгізілді. Онда тұз, қант және майларды тұтынуды азайту, көкөністер мен жемістердің үлесін арттыру, рационның әртүрлілігін қамтамасыз ету қарастырылған. Сондай-ақ құрамында қанты бар сусындар мен шырындардың орнына ауыз су, сүт және қышқыл сүт сусындарын ұсыну көзделген.

Жаңа стандарттағы маңызды бағыттардың бірі – «желінбеген тамақ индексін» енгізу. Бұл көрсеткіш балалардың қандай тағамдарды аз тұтынатынын анықтап, мәзірді жетілдіруге және тағам ысырабының алдын алуға мүмкіндік береді.

Мектепке дейінгі ұйымдарда мәзірдің балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкестігіне, өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігіне және порция көлемдеріне бақылау жүргізіледі. Алдағы уақытта балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету және тамақтану сапасын арттыру жұмыстары жалғасады.