Жолдау 18 қаралымabaidan.kz

Абай облысында құрылыс саласын дамытуға басымдық берілуде

Абай облысында құрылыс саласын дамытуға басымдық берілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында құрылыс саласын дамыту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және өңірлердің инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне ерекше тоқталды. Президент 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынып, еліміздегі құрылыс қарқынын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Осы басымдықтарды іске асыру аясында Абай облысында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі Берік Уәлиұлының тапсырмасына сәйкес, өңірде әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізуге және елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілген. Абай облысы құрылыс басқармасының басшысы Серік Тлемесовтың айтуынша, қазіргі таңда өңірде білім беру, спорт, мәдениет және төтенше жағдайлар салалары бойынша 27 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, білім беру саласында 4 нысан, спорт бағытында 9 нысан, мәдениет саласында 3 нысан және төтенше жағдайлар саласында 1 нысан салынып жатыр. Жобалардың қатарында мектептерге арналған қосымша ғимараттар, балалар лагері, спорт кешендері, бассейндер, мәдениет үйлері мен өрт сөндіру депосы бар.

«Біздің басты міндетіміз – Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарды сапалы әрі уақытылы орындау. Әрбір құрылыс нысанының сапасына ерекше назар аударып, оның халық игілігіне қызмет етуін қамтамасыз етуіміз қажет», – дейді Серік Тлемесов.

Аталған жобалар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға, ауылдар мен қалалардың әлеуетін арттыруға, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жалпы, Абай облысында құрылыс саласын дамыту жұмыстары Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерге сәйкес жалғасып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға үлес қосуда.