"1,1 млн теңге айыппұл": ҚМДБ қажылыққа қатысты маңызды мәлімдеме жасады
Сауд Арабиясы Корольдігінің қоғамдық қауіпсіздік қызметі қажылық тәртібін бұза отырып, заңсыз қажылыққа барған азаматтарға айыппұл сала бастады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ сілтеме жасап, abaidan.kz хабарлайды. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының баспасөз қызметінің Сауд Арабиясы Корольдігінің мемлекеттік ақпарат агенттігіне сүйеніп хабарлауынша, қажылық жасауға және рұқсатты заңсыз алуға тыйым салу саясаты қамтылған аймақтарға:
Мекке қаласы;
орталық аймақ;
қасиетті жерлер;
Харамайн теміржол станциясы;
бақылау-өткізу пункттері;
тексеру орталықтары және уақытша бақылау бекеттері кіреді.
Рұқсатсыз қажылық парызын өтеуге тыйым салу туралы Ереже 2024 жылғы 20 маусымға дейін күшінде болмақ. "Кез келген адамға – азаматтар, тұрғындар немесе келушілерге қажылық ережелерін бұзғаны үшін 10 мың саудиялық риал (2666 АҚШ доллары) айыппұл салынады, ал азаматтығы жоқтар өз елдеріне депортацияланады және белгілі бір мерзімге дейін Корольдікке қайта кіруге тыйым салынады", - делінген хабарламада. Сондай-ақ ҚМДБ ақпараты бойынша, қажылық тәртібін бұзғандарды рұқсатсыз тасымалдаған адам 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілмек, сонымен қатар оған 50 мың риалға дейін (13 328 АҚШ доллары) айыппұл салынады, ал тасымалдауға пайдаланылған көлігі тәркіленеді. Сауд Арабия Корольдігі қоғамдық қауіпсіздігінің мәліметіне сәйкес, егер заң бұзушы резидент болса, ол жазасын өтегеннен кейін депортацияланады және заң аясында оған белгілі бір мерзімге дейін мемлекетке қайта кіруіне тыйым салынады. "Тасымалданған адам санына байланысты тәртіп бұзушыларға салынатын айыппұл мөлшері өседі", - деп жазды ҚМДБ баспасөз қызметі. Еске салайық, кеше, 5 маусымда Сауд Арабиясы Корольдігінің Денсаулық сақтау министрлігі биыл қажылық парызын өтеуді жоспарлағандарға міндетті екпелердің тізімін жариялағанын жазған едік. Сонымен қатар бұған дейін Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігі қажылық рәсімдері тек қажылық визасы арқылы өтелетіндігін мәлімдеген болатын.
Мекке қаласында қасиетті Қағбаны айналып жүрген адамдар. Көрнекі фото: pixabay.com
#дін, #Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы