Абай облысында қасиетті айға дайындық жұмыстары басталды
Рамазан айы биыл 19 ақпан күні басталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы хабарлады. Оның айтуынша, Қадір түні 16-нан 17 наурызға қараған түнге сәйкес келеді. Биыл ораза 29 күнге созылып, Ораза айт мерекесі 20 наурызда атап өтіледі.
Пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасына сай 735 теңге болып белгіленді. Денсаулығына байланысты ораза ұстай алмайтын азаматтар әр күн үшін мұқтаж жандарға шамамен 4000 теңге көлемінде пидия садақасын береді. Ал мүмкіндігі шектеулі адамдар кемінде пітір садақасының мөлшерін өтеуіне болады. Елді мекендер бойынша ораза және намаз кестелері muftyat.kz сайтында және @MuftyatBot Telegram-ботында бар, — деді бас имам.
Рамазан — мейірім мен кешірім айы. Осы кезеңде айналаға қамқорлық танытып, игі істерді көбейтуге шақырылады. Сондай-ақ құдайы астарды ауызашар уақытымен сәйкестендіріп өткізудің маңызы атап өтілді.
Осы қасиетті айға орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі барлық мешіт үшін арнайы Рамазан жоспарын бекітті. Сол жоспар аясында Абай облысында да бірқатар қайырымдылық және рухани шара ұйымдастырылады, — деді Асқар Әбітайұлы.
#Абай облысы, #Рамазан айы, #Ораза айт