Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Экология 64 қаралымabaidan.kz

«Таза Қазақстан»: Абай облысында 38 мыңнан астам аула тазартылып, 52 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

«Таза Қазақстан»: Абай облысында 38 мыңнан астам аула тазартылып, 52 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

Абай облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында сәуір айының басынан бері өңірдің барлық елді мекендерінде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуде. Оған 315 мыңнан астам тұрғын қатысты. Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы Абай облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Теміржанов айтып берді.

Оның айтуынша, тазалық жұмыстарына 315 мың тұрғын, 6842 ұйым және 3017 бірлік техника жұмылдырылған. 38 мың аула, 1134 саябақ пен сквер аумағы тазартылып, полигондарға 52 216 тонна қоқыс шығарылды.

Көгалдандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Өңірлік жоспарға сәйкес облыста 67 мың ағаш көшетін отырғызу көзделген. Көктемгі кезеңде оның 60 мыңы, яғни 89 пайызы отырғызылды.

– Бағдарлама аясында экологиялық акциялар мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар да өткізіледі. Мектеп оқушылары арасында шығарма байқаулары ұйымдастырылып, оған 521 оқушы қатысты. «Мөлдір бұлақ» акциясы барысында 8420 тұрғын 12 бұлақтың айналасын қоқыстан тазартты. Сондай-ақ 28 наурызда өңірде «Жер сағаты» халықаралық акциясы өтті, – деп атап өтті спикер.

Облыс тұрғындары экологиялық мәселелер туралы @TazaQazBot платформасы арқылы хабарлай алады. 2026 жылы платформаға 391 өтініш келіп түскен. Оның 346-сы орындалған, 17-сі орындалу үстінде, 28-і кері қайтарылған. Өтініштерді орындау сапасының облыстық орташа рейтингі 3,6 балды құрады.

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында жыл басынан бері 310 рейдтік іс-шара өткізіліп, 1702 құқық бұзушылық анықталды. Жүргізілген профилактикалық жұмыстар туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланды.

Марат Теміржановтың айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсаты тек сенбіліктер өткізу мен абаттандыру жұмыстарымен шектелмейді. Бағдарлама тұрғындар арасында тазалықты сақтау әдетін қалыптастыруға бағытталған.

– Таза әрі жайлы қоршаған орта ең алдымен өзімізге, балаларымызға және келешек ұрпаққа қажет. Тұрғындарды тазалық сақтауға, табиғатқа ұқыпты қарауға және ортақ іске белсенді атсалысуға шақырамыз, – деді басқарма басшысы.