2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму: облысқа 568,9 млрд теңге инвестиция тартылды
Абай облысында өткен жылы әлеуметтік-экономикалық дамудың оң серпіні тіркелді. 2023 жылы мемлекеттік бюджетке 257,0 млрд теңге түсті, (оның 145,0 млрд теңгесі республикалық бюджетке, 112,0 млрд теңгесі жергілікті бюджетке),-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Тартылған инвестицияның жалпы көлемі 568,9 млрд теңге, нақты көлем индексі 132,7% құрады. Инвестициялардың негізгі бөлігі, атап айтқанда 364,2 млрд теңге немесе 64,0% кәсіпорындар мен ұйымдардың жеке қаражаты есебінен болды. Оның 9,2% республикалық, 12,2% жергілікті бюджет есебінен. Өнеркәсіп өнімі 1 571,3 млрд теңгеге жетіп, өнеркәсіп өнімінің индексі 105,1% құрады. Өңірдегі жалпы өнім көлемінің 62,4% тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазу құрап, 980,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібі 34,6% болып, 543,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау өнеркәсібінің үлесі облыстың жалпы өнеркәсіп өнімінің 2,5% болды. Ал сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау мен бөлуді бақылау үлесі тиісінше 0,5% немесе 7,6 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 535,2 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103,5% құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 19,1% өсіп, 228,1 миллиард теңгеге жетті. Жыл басынан бері 363,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2022 жылмен салыстырғанда 106,8% құрады.
2023 жылы субсидияланатын жұмыс орындарына 6388 адам жұмысқа орналастырылды, оның 2261-і жастар. 314 жұмыссыз қысқа мерзімді кәсіптік оқудан, 825 адам жастар тәжірибесінен өтті, халықтың әлеуметтік осал тобына жалпы сомасы 400 млн теңгені құрайтын 204 мемлекеттік грант бөлінді.
#Абай облысы, #экономика, #инвестиция