2026 жылғы жаңа Салық кодексі: Арнаулы салық режимдеріндегі негізгі өзгерістер және кәсіпкерлерге әсері
2025 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне қол қойды. Кодекстегі түзетулер салық салу жүйесін оңтайландыруға бағытталғанымен, көптеген кәсіпкерлер үшін, әсіресе бөлшек салық пен оңайлатылған декларация режимінде жұмыс істейтіндер үшін елеулі өзгерістер әкеледі. abaidan.kz ақпараттық агенттігіне Абай облысы бойынша МКД камералдық мониторинг басқармасының басшысы Еркежан Заманбекқызы Бүркітова арнаулы салық режимдері (АСР) мен олардың қолдану талаптары туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Жаңа Салық кодексінде АСР үш түрге бөлінді:
- Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР
- Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР
- Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған АСР
Бұл режимдер кәсіпкерлердің қызмет түріне, табыс көлеміне және салықтық тәртібіне байланысты нақты шектеулер мен талаптармен реттеледі.
1. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР
Бұл режим кәсіпкерлік формальды мәртебесі жоқ және жалдамалы жұмысшыларды пайдаланбайтын жеке тұлғаларға арналған.
Негізгі талаптар:
ЖК ретінде тіркелмеген жеке тұлғалар ғана пайдаланады
Жалдама жұмысшы болмауы керек
Табыстың шекті көлемі — айына 300 АЕК (шамамен 1,3 млн тг, жылына 15 млн тг)
Қызметтің рұқсат етілген түрлері бойынша ғана
Әлеуметтік төлем — табыстан 4%
Жеке табыс салығынан босатылады
Салықтық есеп беру тапсырылмайды, есеп айырысу мобильді қосымша арқылы жүзеге асады
Бұл режим ең қарапайым және микробизнестің ең ұсақ сегментіне бағытталған.
2. Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР
Көп кәсіпкерлерді алаңдатып отырған негізгі өзгерістер осы режимге қатысты. Себебі Үкіметтің 2025 жылғы 14 қарашадағы №970 қаулысымен бірқатар қызмет түрлеріне бұл режимді қолдануға тыйым салынды.
Режим шарттары:
Жылдық табыс шегі — 600 000 АЕК (шамамен 2,5 млрд тг)
Жалдама жұмысшылар санына шектеу жоқ
ЖТС ставкасы — 4% (мәслихаттар +/-50% өзгерте алады)
ҚҚС төленбейді
Есеп — жартыжылдық
24 000 АЕК-тен жоғары табыс кезінде — еңбекақы қоры есебінен салық базасын азайту мүмкіндігі
135 000 АЕК-тен төмен табыс кезінде — бухгалтерлік есеп жүргізуден босату
Жалпыға бірдей режимдегі салық төлеушілердің AСР субъектілерімен есеп айырысу шығыстарын шегерімге жатқызуына тыйым салынады
Мұның маңыздысы оңайлатылған режиммен жұмыс істейтін кәсіпкерлер басқа кәсіпкерлермен және азаматтармен еркін жұмыс істей алады. Бірақ ЖБР субъектілері олардан алған тауарлар мен қызметтерді шегерімге енгізе алмайды,-дейді Еркежан Заманбекқызы.
3. Шаруа және фермер қожалықтарына арналған АСР
Бұл бағытта бұрынғы ереже сақталады. Бірыңғай жер салығы жойылып, салық ЖТС (0,5%) түрінде төленеді.
Талаптар:
Тек ауыл шаруашылығы қызметіне арналған
ҚҚС, әлеуметтік салық, мүлік және көлік салығы төленбейді
Жер учаскесі міндетті
Есеп беру — жылына бір рет
Тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі: кімдер АСР қолдана алмайды?
Үкімет қаулысымен 44 қызмет түрі (185 ЭҚТК код) оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ден шығарылды. Бұл қызметтер енді тек жалпыға бірдей белгіленген режимде (ЖБР) жұмыс істейді.
АСР-ден шығарылған негізгі салалар:
1) Қаржылық және делдалдық қызметтер
Ломбардтар
Банктер
Сақтандыру ұйымдары, брокерлер және агенттер
2) Акцизделетін өнімдер
Темекі және алкоголь өндірісі және көтерме саудасы
Бензин, дизель, мазут сату
Ерекшелік: сұйытылған газды бөлшек саудада сату рұқсат етіледі
3) Кәсіби қызметтер
Консалтинг
Маркетинг
Бухгалтерлік, аудиттік қызмет
Адвокаттар мен нотариустар
4) Құрылыс және жылжымайтын мүлік
Тұрғын және тұрғын емес ғимараттарды салу
Сату, жобалау жұмыстары
5) Пайдалы қазбалар өндірісі
Барлық түрлері (кен іздеуді қоспағанда)
Қара және түсті металдар сынықтарының айналымы
6) Сауда базарлары
1, 2 және 3 санаттағы сауда объектілерін қосалқы жалға беру
200 ш.м. дейінгі 4 және 5 санаттағы объектілерге тыйым салынбайды
Бұл шектеулердің мақсаты — ірі, маржасы жоғары және мемлекет реттейтін салаларды жеңілдетілген режимнен шығарып, ашықтықты арттыру.
Қандай қызмет түрлері оңайлатылған режимде қала береді?
Режим сақтау негізінен B2C — халыққа қызмет көрсетуге бағытталған бизнеске қойылды.
Рұқсат етілген салалар:
Бөлшек сауда (қоса алғанда онлайн сауда, желілік маркетинг)
Қонақүй, тамақтану, жылжымайтын мүлікті жалға беру
Жеңіл және тамақ өнеркәсібі
Жолаушылар тасымалы
Білім беру (мектепке дейінгі және қосымша)
Медициналық және әлеуметтік қызметтер
Тұрмыстық және құрылыс жөндеу жұмыстары
Спорт, мәдениет, шығармашылық индустрия
Ауыл шаруашылығы
Жаңа талаптар жеңілдетілген тәртіпті шамамен 70% салық төлеушілер үшін сақтайды.
Жаңа нормалардың мақсаты
718 және 723-баптарға сәйкес әзірленген бұл өзгерістер:
АСР-ді ретке келтіруді,
Салықтық ашықтықты арттыруды,
Жосықсыз қолдануды болдырмауды,
Шағын бизнеске қолайлы жағдай жасауды,
Салық жүктемесін әділ бөлуді көздейді.
2026 жылдан бастап АСР-дің жаңа ережелері микро және шағын кәсіпкерлікке бағытталған жүйені сақтай отырып, ірі және тәуекелді қызметтерді жалпыға бірдей режимге көшіреді. Бұл өзгерістер әкімшілендіруді жеңілдетуге, көлеңкелі айналымды азайтуға және салық жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Кәсіпкерлерге 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін өз қызмет түрін, табыс көлемін және жұмыс бағытын қайта қарап, жаңа талаптарға сәйкестігін тексеру ұсынылады.
#Абай облысы, #экономика, #салық