«9-20-19» бағдарламасына маңызды өзгерістер енгізілді

«9-20-19» бағдарламасына маңызды өзгерістер енгізілді

«Отау» немесе «9-20-19» атымен белгілі ипотекалық бағдарламасына маңызды өзгерістер енгізілді,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Енді тұрғын үйге жатпайтын жылжымайтын мүлкі мен жалпы жекешелендірілген тұрғын үйдегі үлесінің болуына байланысты жолданған өтініштері кері қайтарылған қазақстандықтар қайта өтініш бере алады. Оны мамандар қосымша қарастыратын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Отбасы банк» АҚ Абай облыстық филиалы Бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Арман Абишев баяндады.

  - Осы бағдарлама бойынша ипотекалық несие ала алатындардың жалпы саны жыл соңына дейін шамамен 8 мың адамды құрайды. Абай облысы бойынша бағдарламаға қатысушылардың саны жыл ортасында белгілі болады, барлығы қатысуға ниетті адамдардың жинаған ұпай санына байланысты. Ұпайларды есептеу жүйесі қатысуға ниетті адамдардың арасында кім тізімге енетінін анықтау үшін қажет. Балалар үшін ұпай бала санына қарамастан – 50 ұпай, ресми тіркелген неке үшін – 10 ұпай, «Отбасы банкіндегі» салымның әрбір мерзімі үшін – 5 ұпай және депозит бойынша әрбір 1000 теңге сыйақы үшін – 5 ұпай беріледі, - деп атап өтті Арман Абишев.

Бүгінге дейін қатысушының меншігінде жылжымайтын мүліктің бар-жоғы автоматты түрде тексерілетін. Алайда, бұл жағдайда қатысушыға тек оң немесе теріс жауап келді, яғни жылжымайтын мүлік мәртебесі туралы ақпарат көрсетілмеді. 

- Қазақстандықтар арасында жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы деректерді объективті түрде тексеру үшін автоматты тексерумен қатар, қолмен тексеру қызметі қосылды. Сондықтан тұрғын үйге жатпайтын жылжымайтын мүлкі бар салымшыларымыз «Отау» бағдарламасы бойынша қайта өтініш бере алады. Оны 22 - 30 сәуір аралығында «Баспана маркет» порталында жіберуге болады, - деп қорытындылады бөлім басшысы.


#Абай облысы, #баспана, #ипотека