Абай облысында кәсіпкерлерге әлеуметтік бизнес бастауға қолдау көрсетілуде

Абай облысында кәсіпкерлерге әлеуметтік бизнес бастауға қолдау көрсетілуде

Биыл өңірде жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға гранттар бөлінген. Конкурска қатысу үшін кәсіпкерлер арнайы платформа арқылы жобаларын ұсынып, комиссия қаралымына жолдаған. Жобаларды іріктеу аясында комиссия 20 жобаны қарап, оның 16 жобасына грант берген. Бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары жайлы арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры барысында Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының, Жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Малікаждар атап өтті. 2024 жылы гранттар бағдарламасы өзгертіліп, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аударылған. Конкурсқа тек, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері ретінде тіркелген кәсіпкерлер, сондай – ақ «Бір ауыл-Бір өнім» бағдарламасының финалистері қатыса алады.

- Жобаларды іріктеудің негізгі критерийлері өзгеріссіз қалады. Яғни, кәсіпкерлер жобаны іске асыру кезінде грант мөлшерінің кемінде 20% -ын бірлесіп қаржыландыруы, жаңа жұмыс орындарын құруы  қажет. Сондай-ақ, өз жобаларын табысты орындау үшін қажетті инфрақұрылымға ие болуы тиіс, — деді Мұрат Малікаждар.

Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдеріне 2022-2023 жылдары гранттық қаржыландыру алған үш нысан жұмысы көрсетілді. Бірінші нысан: кәсіпкер Ақерке Қайырханова ашқан гибридті білім беру орталығы. Оның жобасына мемлекеттік гранттан 5 млн теңге берілген. Гибридті оқыту әдісі аймақ үшін инновациялық жаңа серпіліс. Сондай-ақ, IELTS-ке дайындалуға лицензия алған кәсіпкердің тәжірибесі де өтінімді қарастыруда маңызды рөл атқарған.

- Біздің жоба офлайн және онлайн оқытуды біріктіреді. Мұндай әдіс, аймақта бұрын қолданылмаған. Жоба идеясы менің Кореядағы оқу тәжірибемнен туындады. Онда оқып жүрген кезде мен заманауи тәсілдердің қаншалықты тиімді екенін көрдім. Қазір, орталығымызда соның барлығын қолдануға тырысып жатырмын. Нәтиже жаман емес. Біздің оқушылар IELTS-ті сәтті тапсырып, өз мақсаттарына қол жеткізуде, - деп бөлісті кәсіпкер.

Екінші жоба: 2022 жылы ашылған қазақтың ұлттық тәттілерін шығаратын цех. Кәсіпкерлер 2,5 млн. теңге көлемінде грант алып, өз жұмыстарын жандандырған. Бұл жылы гранттар қаржысы мүмкіндігінше көп кәсіпкерлерді қолдау үшін қысқартылған көлемде бөлінген. Осыған қарамастан, цех табысты жұмыс істеп, өңірде үздік, әрі сапалы өнім шығарумен айналысуда.

- Шағын цехымыз өнім сапасымен және алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Цехымыздың сөресінде түйе мен ешкі сүтінен жасалған, сондай-ақ тәтті жеміс түрлері қосылған құрттың түр-түрі бар. Біз, бірегей өнім жасау үшін Қазақстанның батыс өңірлерінен сүтке арнайы тапсырыс береміз. Кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттің қолдауы шешуші рөл атқарды деп санаймын. Өйткені біз осы сәтке дейін жалдамалы жұмысшы ретінде қызмет атқардық. Жеке кәсіп ашу үшін несие алу өте қымбат болды. Осы сәтте мемлекеттік көмек, біз үшін өз ісімізді бастауға үлкен септігін тигізді. Енді біз, алдағы уақытта жақсы нәтижелер көрсетуге және сенімді ақтауға дайынбыз, - деп атап өтті "Merus" компаниясының иесі Қайрат Мейрамбек.

Баспасөз турының соңы Ардақ Салқынбаева бастаған "ZERDE" неврологиялық-педиатриялық орталықпен аяқталды. Орталық ашуға кәсіпкер 4 млн теңге көлеміндегі грантқа ие болған. Екі жылдан бері қызмет жасап жатқан орталықта қазір мамандар балаларға логопедиялық көмек көрсетіп, олардың сөйлеуі мен әлеуметтік бейімделуіне ықпал етуде.


#Абай облысы, #кәсіпкерлік