Экономика 50 қаралымabaidan.kz

Абай облысында өнеркәсіп өндірісі 2,5 трлн теңгеге жетті

Абай облысында өнеркәсіп өндірісі 2,5 трлн теңгеге жетті

Абай облысының экономикасына 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 417,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 365,2 млрд теңгесі жеке инвестициялардың үлесіне тиесілі. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында айтылды. 

Абай облысында өнеркәсіп өндірісі 2,5 трлн теңгеге жетті

Жиында өңірдің тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, өңірлік жұмыспен қамту картасының жүзеге асырылуы және халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй беру мәселелері қаралды. Оған қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары мен департамент жетекшілері қатысты.

Абай облысында өнеркәсіп өндірісі 2,5 трлн теңгеге жетті

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садырдың мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірдің жалпы өңірлік өнімі 1 трлн 783,5 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға жоғары.

Экономиканың негізгі салаларында да оң динамика байқалады. Атап айтқанда, көлік саласындағы өсім 13,4 пайызды, құрылыста 11,5 пайызды, тұрғын үйді пайдалануға беруде 8,3 пайызды, өңдеу өнеркәсібінде 7 пайызды құрады. Ішкі сауда 5,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,5 пайызға өсті. Инвестиция көлемінің өсімі 2,8 пайызды, байланыс саласындағы өсім 2,6 пайызды құрады. Есепті кезеңде облыста 2,5 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 630 млрд теңгеге артық. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша Абай облысы республика өңірлері арасында 10-орыннан 8-орынға көтерілді. Инвестиция тарту бағытында да жұмыс жалғасуда. Тоғыз айда өңір экономикасына құйылған инвестиция көлемі 417,7 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде жеке инвестициялар 365,2 млрд теңгені құрады. Жеке инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 97,9 млрд теңгеге артты. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада 8-орында тұр. Құрылыс саласында тоғыз айда 240,4 млрд теңгенің жұмыстары орындалып, 173,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысы көрсеткіші бойынша өңір 19-орыннан 6-орынға көтерілді.

Бюджет кірістерінің орындалуы да оң нәтижелер көрсетті. Меншікті кірістер бойынша Абай облысы республика деңгейінде 4-орында келеді. Тоғыз айда бюджетке жоспарланған 122,6 млрд теңгенің орнына 123,1 млрд теңге түсіп, кіріс жоспары 561,9 млн теңгеге артығымен орындалды.

Абай облысында өнеркәсіп өндірісі 2,5 трлн теңгеге жетті

Отырыс барысында қала және аудан әкімдерінің жұмысына жүргізілген рейтингтік бағалау қорытындылары да жарияланды. 83 индикатор негізінде жасалған бағалау нәтижесінде Семей қаласы, Жаңасемей және Үржар аудандары үздік үштікке енді. Ал Курчатов қаласы, Ақсуат және Көкпекті аудандары рейтингтің төменгі сатысынан орын алды. Көкпекті ауданы өткен жылдың қорытындысында да, биылғы үш тоқсанда да соңғы орында қалған.

Абай облысында өнеркәсіп өндірісі 2,5 трлн теңгеге жетті

Осыған байланысты облыс әкімі Берік Уәли Курчатов қаласы, Ақсуат және Көкпекті аудандарының әкімдеріне негізгі көрсеткіштерді жақсарту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар Көкпекті ауданында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін бағалап, тиісті шешім қабылдау жөнінде ұсыныс енгізуді жүктеді.

«Бүгінгі талқылау өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар бағытта жұмысты күшейту қажеттігін көрсетті. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс және сауда салаларындағы қалыптасқан жағдай тұрақты бақылауда болуы тиіс. Әрбір басқарма басшысы мен қала, аудан әкімі өз бағыты бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуге баса назар аударсын. Жыл қорытындысына дейін қалған уақытты тиімді пайдаланып, анықталған кемшіліктерді жою және жоспарланған көрсеткіштерді орындау бойынша тиісті шаралар қабылдау қажет», – деді Берік Уәли.

Жиын соңында облыс әкімі инвестиция тарту, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және жұмыспен қамту бағыттарындағы жоспарлы көрсеткіштерді орындауды тапсырды. Сондай-ақ жыл қорытындысында белгіленген міндеттерге қол жеткізе алмаған жауапты тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылатынын ескертті.

 

Абай облысы әкімінің баспасөз қызметінің көмегімен.