Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 48 қаралымabaidan.kz

Үлкенді құрметтеу – ұлттық дәстүр, Отан отбасынан басталады

Үлкенді құрметтеу – ұлттық дәстүр, Отан отбасынан басталады

Қазақ халқы ежелден үлкенді сыйлап, ақсақалдың батасын алып, аға буынның өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа өнеге еткен. Үлкенді құрметтеу – халқымыздың тәрбиесі мен салт-дәстүрінің ажырамас бөлігі. Ал отбасы – осы ізгі қасиеттер қалыптасатын алғашқы орта. Осы орайда Семей қаласындағы №3 арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жазғы сахнасында «Ардагерлерге – құрмет!» акциясы аясында «Үлкенді құрметтеу – ұлттық дәстүр, Отан отбасынан басталады» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.

Үлкенді құрметтеу – ұлттық дәстүр, Отан отбасынан басталады

Іс-шараны Семей қалалық Ардагерлер кеңесі ұйымдастырды. Жылы жүздесуге Кеңес мүшелері, Орталықтың қызмет алушылары және шығармашылық ұжымдардың өкілдері қатысты. Кездесудің басты мақсаты – аға буынға деген құрметті арттыру, ұлттық салт-дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және үлкендердің өмірлік тәжірибесін кейінгі буынға насихаттау болды. Іс-шара барысында қатысушылар үлкенді сыйлау, отбасы тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау және аға буынның қоғамдағы орны жөнінде ой бөлісті. Ардагерлер өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жас ұрпаққа ақ тілектерін жеткізді.

Үлкенді құрметтеу – ұлттық дәстүр, Отан отбасынан басталады

Семей қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебай Бердікенов өз сөзінде қазақ қоғамында қарт адамға деген құрметтің қашанда ерекше болғанын атап өтті.

«Қазақ қартын қадірлеген. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен өнегесі – кейінгі ұрпақ үшін үлкен мектеп. Бүгінде Республикалық ардагерлер кеңесі “Ұрпақтар сабақтастығы – ұлттық құндылық” бағытын айрықша назарға алып отыр. Осы бағытта еліміздің барлық өңірлерінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда ардагерлерге арналған онкүндік өтіп жатыр. Бұл – аға буынға құрмет көрсетіп, олардың қоғамдағы еңбегін бағалауға бағытталған маңызды бастама», – деді Кенжебай Бердікенов.

Оның айтуынша, Семей қаласында ардагерлер қозғалысының ауқымы да кең. Бүгінде қала бойынша 200-ден астам бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істеп, 60 мыңнан астам ардагердің басын біріктіріп отыр. Бұл – аға буынның қоғамдық өмірге белсенді араласуының және олардың тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды көрсеткіші.

Үлкенді құрметтеу – ұлттық дәстүр, Отан отбасынан басталады

Кездесуде сөз алған Семей қаласының №3 арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Дариға Дайырова да жиналғандарды алдағы мерекемен құттықтап, «Ардагерлерге – құрмет!» акциясының мән-маңызына тоқталды. Ол мұндай басқосулардың аға буынға көңіл бөліп, олардың еңбегін бағалауға, қоғамдағы белсенділігін арттыруға және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Үлкенді құрметтеу – ұлттық дәстүр, Отан отбасынан басталады

Кездесудің мазмұнын шығармашылық ұжымдардың өнері де толықтыра түсті. Қатысушыларға «Ахау Семей» және «Айша Бибі» халықтық ансамбльдерінің орындауындағы музыкалық шығармалар ұсынылды. Сонымен қатар Жеңіс көшесі, 13А мекенжайындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының домбырашылар ансамблі мен вокалды-хор ұжымы өнер көрсетті. Әсем ән мен күмбірлеген күй қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекелік басқосудың ажарын аша түсті.

Аға ұрпақ – елдің өткені мен бүгінін жалғап тұрған алтын көпір. Олардың өмірлік тәжірибесі, еңбегі, салт-дәстүрге деген құрметі кейінгі буынға бағыт-бағдар береді. Сондықтан үлкенді қадірлеу – тек әдептіліктің белгісі ғана емес, ұлттық тәрбиенің маңызды негіздерінің бірі.

Үлкенді құрметтеу – ұлттық дәстүр, Отан отбасынан басталады

Отбасы – адам тәрбиесінің алғашқы мектебі. Баланың үлкенге құрметі, кішіге ізеті ең алдымен отбасында қалыптасады. Отбасындағы осындай ізгі қасиеттер қоғамның береке-бірлігіне де оң ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөздің мәні терең.

Жүздесудің негізгі идеясы да осы құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Үлкенді құрметтеу, отбасылық өнегені сақтау, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту – қоғамның рухани тұтастығын қалыптастыратын маңызды негіздер.

Үлкенді құрметтеу – ұлттық дәстүр, Отан отбасынан басталады

Осындай мазмұнды кездесулер аға буын мен кейінгі ұрпақ арасындағы өзара сыйластықты арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтардың сабақтастығын сақтауға жол ашады. «Ардагерлерге – құрмет!» акциясы аясындағы бұл кездесу үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сынды адамгершілік қағидалардың маңызын тағы бір мәрте айқындап, қатысушыларға жылы әсер сыйлады. Аға буынды ардақтау, олардың өнегесін ұлықтау – өткенді бағалау ғана емес, келешекке жасалған игі қадам. Өйткені ұрпақтар сабақтастығы бар жерде ұлттық құндылықтар да, отбасылық тәрбие де өз жалғасын табады.