«АЭС-ке 2 мыңнан астам маман керек» – ядролық физика институтының қызметкері

«АЭС-ке 2 мыңнан астам маман керек» – ядролық физика институтының қызметкері

6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда біз атом саласының мамандарына хабарласып, еліміздің кадрлық әлеуетін қаузап көрген едік. Қазақстанда атом саласының мамандарын даярлайтын жалғыз ұйым бар. Ол – «Ядролық физика институты» РМК. Осы институттың бас инженерінің орынбасары Асхат Бекбаевқа хабараласып, институттың тынысымен таныстық.

Институттың бірегей базалық қондырғылары бар: ВВР-К стационарлық зерттеу реакторы және сыни стенд. Жоғары білікті мамандарды даярлауға арналған заманауи зертханалар мен оқу орталықтары бар. Институттың 23 зертханасында ядролық, нейтрондық физика, қатты заттың радиациялық физикасы, радиоэкология мен радиохимия саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіледі. Ядролық физика институтының Атом энергиясының қауіпсіздік мәселелері зертханасы жапондық әріптестерімен бірлесіп, алғаш рет ВВР-К реакторында IV буынды реакторларына арналған отын мен конструкциялық материалдарды сынақтан өткізді, – дейді ол.

Институттың заманауи аналитикалық және сынақ өткізетін қондырғылармен жабдықталған 3 ғылыми-техникалық орталығы бар: Радиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы (2000 жылдан бері); Бұзбайтын бақылау әдісі жөніндегі оқу орталығы (2003 жылдан бері); Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы (2017 жылдан бері). Барлық оқу орталықтары Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) – International Atomic Energy Agency (IAEA) қолдауымен ашылған. Халықаралық ғылыми-техникалық орталық жобаларының аясында (ХҒТО).

Бүгінде Ядролық физика институтында 75 астам ғылым докторлары мен кандидаттары (PhD) жұмыс істейді. Институт әлемдік өлшем бойынша айтарлықтай ғылыми-техникалық әлеуетке ие және Қазақстанның ұлттық университеттерінің ядролық профиль докторанттарын  даярлайтын негізгі база болып отыр.

Ядролық физика институты ЦЕРН, Біріккен ядролық зерттеулер институты (БЯЗИ), Аргон ұлттық зертханасы (АҚШ), Брукхевен ұлттық зертханасы, МІТ (АҚШ), I2EN? Chiyoda corporation, U.S.Department Energy, ХҒТО, IAEA, JAEA, KIT, Neutron for society сияқты әлемдік жетекші орталықтармен серіктестік байланыс орнатқан.

ЯФИ қызметкерлерінің АЭС мамандарын даярлау бағдарламасын жүзеге асыруға тікелей қатысуы білім алушылардың кәсібіи құзыретін оңтайлы қалыптастыруға, ядролық энергетика саласындағы қызметті жүзеге асырудың біліктілік талаптарына барынша сай келетін мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. ЯФИ бірегей қондырғылармен жабдықталған. Бұл әрине ВВР-К. Ол ғылыми – зерттеу жұмыстарына, сондай-ақ өнеркәсіп пен ядролық медицинаға радиоизотоп өндіруге арналған. Одан бөлек әртүрлі ғылыми жұмыстарға арналған, сипаттамасы әртүрлі 6 жылдамдатқыш жұмыс істеп тұр. Бұл Институтқа радиациялық физика және радиациялық материалтану саласында ауқымды зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді, – дейді Асхат Бекбаев.

Алдын-ала болжам бойынша екі блоктан тұратын, қуаты 1200 МВт болатын АЭС-ке 2 000-ге жуық маман керек. Оның ішінде 1600 маман – жедел қызметкер, 400 маманның – атом саласында жоғары білімі болуы керек.  ҚР ЭМ Ядролық физика институты 2011 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Аманжолов атындағы ШҚМУ, Серібаев атындағы ШҚТУ бірлесіп, «Ядролық физика», «Ядролық энергетикаға арналған материалдар», «Ядролық физика және атом энергетикасы» бағыттары бойынша атом саласына қажетті жоғары білікті отандық кадрларды дайындап келеді. Қазір аталған мамандықтар бойынша 1600 астам студент оқу тәмамдаған.

Базалық қондырғылардан бөлек біздің зертханалар қажетті ғылыми-аналитикалық қондырғылармен жабдықталған. Оның ішінде сынама дайындайтын құрал, микроскопия, аналитикалық құрылғылар, зертханалық және өлшеуіш құралдар бар. Осының арқасында біздің институт халықаралық зерттеу келісімшарттарын орындау бойынша жұмыстарды жүргізеді. Мысалы МАГАТЭ-мен бірге ядролық отын сәулелендіру, конструкциялық болаттарды сәулелендіру, наноқұрылымдық материалдарды синтездеу жұмыстарын жүргізді. Атом электр станциясын салайын деп отырған Қазақстан үшін мұндай келісімшарттарды орындау өте маңызды. Жылдамдатқыштардың көмегімен отын элементтеріндегі ядролық реакторларда пайдаланылатын материалдардың радиациялық беріктігін қысқа мерзімде сынақтан өткізуге болады. Біздің қызметкерлеріміз бұл бағытта мол тәжірибе жинады. Бұл әрине мемлекеттің алдына қойған мақсатына жетуіне көмектеседі. Бұдан бөлек кең ауқымды зерттеулер жүргізу үшін халықаралық коллаборация жасалып, оның нәтижесінде рейтингі жоғары шетелдік ғылыми журналдарға мақалалар жарияланады. Осылайша біз қазақстандық ғалымдардың халықаралық беделін қолдауға үлес қосып жатырмыз, – дейді маман.


#маман, #АЭС, #Референдум