Қарағайлы ауданында жыл соңына дейін блоктық-модульдік қазандық пайдалануға беріледі
Семей қаласының Қарағайлы ауданындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды уақтылы пайдалануға беруді қамтамасыз ету үшін «КАЗЭНЕРГОМАШ-Т» ЖШС қаражаты есебінен қуаты сағатына 21,5 Гкал болатын блокты-модульді қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Жобаның аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың соңына жоспарланған,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев жұмыс барысымен танысу үшін құрылыс алаңына болып қайтты. Қазіргі уақытта нысанда дренаждық жүйелер, ауа өткізгіштер, жалпы коллектор, газ құбырлары, пилоттық қондырғыларды монтаждау белсенді түрде жүргізілуде. Желілік сорғыларды құбырмен байланыстыру аяқталып, ауа мен түтін сорғыларының астына іргетастарды құюға дайындық жүргізілуде. Қазір барлық 10 қазандықтағы монтаждау толық аяқталды.
№3 көтергіш-сорғы станциясының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жақын маңдағы жаңа ғимараттарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін негізгі нысан. Атап айтқанда, алты тұрғын үйді қараша айында, ал үш үй мен 1200 орындық мектепті ағымдағы жылдың желтоқсан айында қосу жоспарланып отыр. Блокты-модульді қазандық іске қосылғанға дейін жылумен жабдықтау «Теплокоммунэнерго» МКК РК-3-тен жаңа көтеру-сорғы станциясы арқылы қамтамасыз етілетін болады.
«Бұл жобаны іске асыру Қарағайлы шағын ауданы үшін ерекше маңызға ие. Қазандық салу - аудан инфрақұрылымын дамытудың негізгі элементі. Біз тұрғындарды және әлеуметтік сала нысандарын мерзімінде жылумен қамтамасыз етуге міндеттіміз. Нысан пайдалануға берілісімен мемлекет оны сатып алуға дайын. Сондықтан барлық жұмыс сапалы және белгіленген мерзімде аяқталуы қажет», — деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Қазіргі уақытта Қарағайлы шағын ауданы жылумен тұрақты қамтамасыз етілген. Бұл ауданның одан әрі дамуын жоспарлауға мүмкіндік береді.