Өңірде тұрғын үй саясатын реформалау бойынша заңнама өзгерістері жүзеге асуда

Өңірде тұрғын үй саясатын реформалау бойынша заңнама өзгерістері жүзеге асуда

Елімізде тұрғын үй саясатын жаңғырту жалғасуда. Еске салсақ, өткен жылы қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Отбасы банкіне” ұлттық даму институты мәртебесін беретін заңға қол қойды. Бұл өзгеріс тұрғын үйге кезекті орталықтандыруға, мұқтаж азаматтарды есепке алу үдерісін жеңілдетуге және мемлекеттік қолдау шараларын күшейтуге мүмкіндік бермек. Аталған заңнамаға енгізілген өзгерістерді талқылау мақсатында Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында тиісті басқармалар мен “Отбасы банк” өкілдерінің қатысуымен жиын өтті.

— Жаңа заң тұрғын үй жағдайын жақсартуды қалайтын азаматтарға мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар, ол тұрғын үй саясатын орталықтандыруға, баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке алу рәсімдерін жеңілдетуге және тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деді Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Әділбеков.

Заңға сәйкес, енді тұрғын үйді есепке алу, кезекке қою және бөлу функциялары жергілікті атқарушы органдардан “Отбасы банкіне” беріледі.

— Біздің банк кезекте тұрған азаматтардың республикалық электрондық базасын жүргізеді және “Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы” цифрлық платформасы арқылы жаңа өтінімдерді қабылдайды. Бұл жүйе адами факторды азайтып, тұрғын үй алу процесін ашық әрі әділ етеді, — деп атап өтті “Отбасы банкі” АҚ директорының орынбасары Мира Конопья.

Өтпелі кезең 2025 жылғы 23 мамырға дейін жалғаспақ. Осы уақыт ішінде әкімдіктер тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың деректерін “Отбасы банкіне” тапсырады, ал банк есепке алудың жаңа цифрлық жүйесін іске қосады. Жүйе қазіргі таңда 8 мемлекеттік дерекқормен біріктірілген, болашақта олардың саны артады. Бұл өзгеріс өтініш берушілердің мүліктік жағдайын автоматты түрде тексеріп, олардың қажеттілік критерийлеріне сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді.

— “Отбасы банкі” қолжетімді және жеңілдетілген қарыздар беруді, тұрғын үйді жалға алуды субсидиялауды, соңғы 5 жыл бойы жеке баспанасы жоқ немесе апатты үйлерде тұратын азаматтарды есепке алуды жалғастырады. Баспанаға басым құқық ардагерлерге, көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетім балаларға және әлеуметтік осал санаттарға беріледі, — деп толықтырды Мира Конопья.

Қазіргі уақытта банк жаңа жүйеге көшуге дайындық жүргізіп, аудандарда қызметкерлерді тарту және оқыту жұмыстарын қолға алған.

— Тұрғын үйді бөлу кезінде тек кезекке тұрған күні ғана емес, өтініш берушінің табыс деңгейі де ескеріледі. Әкімдіктер баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін тұрғын үй салу және сатып алу жұмыстарын, сондай-ақ бастапқы жарнаға тұрғын үй сертификаттарын беруді жалғастырады. Кезектегі азаматтардың деректері тоқсан сайын түгенделіп отырады, — деп нақтылады Семей қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Диана Шаяхметова.

Оның айтуынша, өтпелі кезең аяқталғанға дейін әкімдіктер мұқтаж азаматтарды есепке алу жұмыстарын жалғастырады. Егер өтініш берушінің соңғы 5 жыл ішінде меншігінде тұрғын үйі болса, бұған дейін мемлекеттік тұрғын үй алған және жекешелендірген болса, ұсынылған деректер дұрыс болмаса немесе өзге де заңнама талаптарына сәйкес келмесе, тұрғын үй кезегіне қоюдан бас тартылуы мүмкін.

“Отбасы банкінің” ресми сайтында кезекте тұрған азаматтардың және мемлекеттік қолдаумен баспана алғандардың тізімдері жарияланатын болады.


#Абай облысы, #экономика