Семейде жергілікті өндірушілер арасында көрме-байқау өтті
Семей қаласының Арбат алаңында «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауы мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік көрме-байқауы өтті. Жергілікті өндірушілердің әлеуетін таныстыруға бағытталған іс-шараға Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов қатысып, өңір кәсіпкерлерінің өнімдерімен танысты.

Биылғы көрмеге облыстың қала және аудандарынан 60-қа жуық кәсіпкер қатысты. Олар азық-түлік, ұлттық қолөнер, тұрмыстық бұйымдар және басқа да салалар бойынша шығарылған өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, отандық өндірістің бүгінгі мүмкіндігін көрсетті. Көрме келушілері жергілікті өнімдердің сапасымен танысып қана қоймай, өндірушілермен тікелей пікір алмасып, өнімдермен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Іс-шара барысында қатысушылардың өнімдерін арнайы құрылған комиссия мүшелері бағалап, оларды белгіленген талаптар бойынша саралады. Комиссияның қорытындысы негізінде үздік кәсіпорындар анықталып, республикалық байқауда Абай облысының намысын қорғайтын болады.

Көрмені қорытындылаған Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Сүйчинов мұндай жобалар жергілікті өндірісті дамытуға, кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және өңірде шығарылатын өнімдерді кеңінен насихаттауға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол көрмеге қатысқан кәсіпкерлерге белсенділіктері үшін алғыс білдірді.


Шара соңында көрмеге қатысқан барлық кәсіпкерлерге алғыс хаттар табысталды.
#Семей, #Абай облысы, #көрме, #"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы