«Шығыс Бройлер» – әлеуметтік жауапкершілік пен сапаның үлгісі
Астана қаласында өткен «Алтын сапа» және «Парыз» республикалық байқауларында Семей қаласындағы «Шығыс Бройлер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жоғары нәтижеге қол жеткізді. Кәсіпорын «Парыз» байқауы аясында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымы бойынша қола жүлдеге ие болып, Қазақстан бойынша үздік үштіктің қатарына енді.

«Парыз» – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қоғам алдындағы жауапкершілігін бағалап, әлеуметтік бастамаларды қолдауға арналған республикалық конкурс. Биыл оған еліміздің түкпір-түкпірінен 354 кәсіпорын қатысып, ірі, шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмысы жан-жақты сарапқа салынды. ЭКСПО Конгресс-орталығында өткен салтанатты рәсімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-министр Олжас Бектенов, Парламент депутаттары мен өндіріс саласының жетекшілері қатысты.
«Қазақстан бойынша қатысқан жүздеген кәсіпорын арасынан үшінші орынға ие болу – біз үшін зор мәртебе. Бұл кездейсоқ табыс емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, әлеуметтік бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан ұжым еңбегінің жемісі», – дейді «Шығыс Бройлер» ЖШС директоры Төлеужан Жексембаев.
Семей құс фабрикасының тарихы 1964 жылдан бастау алады. 1967 жылдың қазан айында алғашқы өндірістік корпустар іске қосылып, алғашқы балапандар әкелінген. Сол күннен бастап кәсіпорын сан қилы кезеңдерді бастан өткерсе де, өндірісін бір сәтке де тоқтатқан емес. 2011 жылы фабрика жұмыртқа өндіруден бас тартып, бройлер құс етін өндіруге толық көшеді. Инкубациялық цех салынып, заманауи жабдықтар орнатылады. 2012 жылдан бастап кәсіпорын «Шығыс Бройлер» атауымен жұмыс істей бастайды.

Бүгінде «Шығыс Бройлер» – технологиясы жаңартылған, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейтін ірі өндіріс орны. Жылдық қуаты 8 мың тоннаға дейін жетіп, Семей қаласындағы ет өнімдерінің 80 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Мұнда 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорын қызметінің өзегі – экологиялық таза және қауіпсіз өнім өндіру. Өнімдерге ресми түрде «Eco» және «nonGMO» белгілері берілген. Өндірісте синтетикалық пестицидтер, жасанды қоспалар, антибиотиктер, ауыр металдар немесе генетикалық өзгертілген компоненттер қолданылмайды. 2007 жылы ISO 9001:2015 сапа менеджменті жүйесі енгізілді. Сонымен қатар кәсіпорын «Халал» сертификатына ие. Өнімдер тұтас ұша және бөлшектелген түрде, сонымен қатар қосалқы өнімдер ретінде шығарылады. Мұздатылған және салқындатылған өнімдер ұзақ тасымалдауға бейімделген қаптамада сатылымға шығады,-– дейді фабрика басшысы.
2020 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Төлеужан Жексембаев фабриканы басқаруға кіріскеннен бері өндірісті жаңғырту мен еңбек жағдайын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Құс қоралары жөнделіп, тұрмыстық бөлмелер жаңартылды, құстың орташа тірі салмағы 2,2 келіге жетті. 2021 жылдан бастап өнімдер табақшада шығарыла бастады, ал қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңмен көтерілді.
Фабрикада еңбек адамына деген құрмет ерекше. Үздік қызметкерлер тұрақты түрде марапатталады. Көптеген мамандар «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері атанса, 2023 жылы құс өсіруші Д. Сәбитова Мемлекет басшысының Алғыс хатына ие болды. Бас мал дәрігері А. Ағатанова «Еңбек жолы» байқауында «Үздік жас өндіріс қызметкері» атанды. Биыл облыс әкімі директордың орынбасары Николай Завгороднийді өңір дамуына қосқан үлесі үшін арнайы төсбелгімен марапаттады.
«Шығыс Бройлер» – жай ғана өндіріс орны емес, сапа мен сенімділікке негізделген өндірістік мәдениет. Алдағы уақытта кәсіпорын өндіріс қуатын кезең-кезеңімен арттырып, жаңа технологиялық желілерді енгізуді, экспорттық бағыттарды кеңейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар логистиканы жетілдіру, кадрлық әлеуетті күшейту және халықаралық стандарттарға толық сәйкестендіру жұмыстары да қарастырылған,-дейді Төлеужан Сағымбекұлы.
Абай облысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – кәсіпорынның стратегиялық міндеті. Осы бағытта ауыл шаруашылығы өндірушілерімен тығыз кооперация орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. «Алтын сапа» мен «Парыз» байқауларындағы жеңіс – «Шығыс Бройлер» ұжымының көп жылғы еңбегіне берілген лайықты баға. Бұл жетістік – жаңа белестерге бастар берік қадам. Кәсіпорын алдағы уақытта да сапалы отандық өнім өндіру арқылы ел экономикасына және өңірдің әлеуметтік дамуына елеулі үлес қоса береді.
#Семей, #Абай облысы, #кәсіпкерлік, #Алтын сапа